Блогер Әлия Толстыхтың ауызашарға қатысты айтқан пікірі қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ИФТАР
Блогердің сөзінше, қазақтар ауызашарды “ифтар” демеген.
- Қазақстанда болмағаныма біраз уақыт өтті. Елге келгенімде жұрттар “ифтар” деп жүргенін байқадым. Құрбымнан неге көбі “ауыз ашар” емес, “ифтар” деп айтып жүргенін сұрадым. Оның сөзінше, жұрттар ифтар деп шетелде де оның мұсылман екені түсінікті болуы үшін айтады. Бірақ көп қазақ Қазақстаннан шетелге кетіп қалмайды және мен үшін қазақтардың “ифтар” дегенінен гөрі ауыз ашар деп айтқаны дұрысырақ, дейді “Русская казашка” Youtube-арнасының авторы.
Видеоны көргендер екіге бөлінген: біреуі блогерді қолдаса, енді бірі қарсы шыққан.
ДІНИ ТЕРМИНДЕР ЖАЙЛЫ
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы – Бас мүфти Наруызбай қажы Тағанұлы Рамазан айы қарсаңында көпшіліктің көкейіндегі сұрақтарға жауап берген болатын. Оның ішінде бас мүфти жастар ораза кезінде қолданатын діни терминдер жайлы сөз қозғаған еді.
- Осы ретте жастарды діни терминдерді қазақша айтуға шақырамын. Өкінішке қарай, кейбір жас буын өкілдерінің ауызашарды ифтар, сәресін сухур деп айтып жүргені көңілге қаяу түсіреді. Сан ғасырдан бері мұсылмандық жолды ұстанған ата-бабаларымыз ауызашар, сәресі деген сөздерді қолданған. Біз де бабалар жолын ұстанған ұрпақ ретінде өзге тілден енген діни терминдерден барынша арылуымыз керек, – деді Бас мүфти.