×
504.44
545.65
5.95
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
504.44
545.65
5.95

Салық төлеушілер қалтасынан 114,4 млрд бөлінген СІМ дипломаттары немен айналысып жүр

31.03.2025, 11:15
Салық төлеушілер қалтасынан 114,4 млрд бөлінген СІМ дипломаттары немен айналысып жүр
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанда бюджеттік дағдарыс күшейіп тұрған тұста, 2025 жылы еліміздің шетелдік инвестиция тартудағы басты органын – cыртқы істер министрлігіне бөлінетін қаражат 9,2 млрд теңгеге өсіп отыр. Егер министрлік 2025 жылы да 2024-тегідей нәтижелер көрсетсе, оны шығын мен пайда арасындағы тиімділік бойынша үкіметте нақты нәтиже көрсете алған органдардың бірі деуге болады. Бұл мәселені Ulysmedia.kz саралап көрді.

НӘТИЖЕ ШЫҒЫНДЫ АҚТАП ОТЫР МА? 

СІМ-нің негізгі функциялары жыл сайын республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады. 2024 жылы министрлікке салық төлеушілердің “қалтасынан” 105,1 млрд теңге бөлінсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 114,4 млрд теңгеге жетпек.

– 2024 жылы Қазақстан 15,7 млрд доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартты. Бұл – Орталық және Солтүстік Азия елдері ішіндегі ең жоғарғы көрсеткіш (63%). Инвесторлар Moody’s агенттігінің Қазақстанның кредиттік рейтингін «Baa1» деңгейге (тұрақты) шығуын жоғары бағалады, деп хабарлады СІМ 2024 жылғы қызмет қорытындысында.
 

Яғни мемлекет дипломатиялық корпусқа шамамен 210 млн доллар жұмсап, олар елге бұдан 74 есе көп инвестиция әкелген. Шығын мен пайда арасындағы баланс бойынша бұл – өте жақсы нәтиже.

Дегенмен, 2023 жылмен салыстырғанда 2024 жылы шетелден инвестицияның жалпы ағыны азайған. 2029 жылға дейінгі инвестициялық саясат тұжырымдамасына сәйкес, өткен жылы елге 24,8 млрд доллар инвестиция келуі тиіс еді. Бұл жоспар орындалған жоқ.

Ұлттық банк жыл сайын тікелей шетелдік инвестицияның жалпы көлемі туралы есеп жариялап тұрады. 2024 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Қазақстанға 12,7 млрд доллар тартылған. Алғашқы үштікке Нидерланды мен Ресей (әрқайсысы 2,8 млрд доллар), Бельгия (1 млрд доллардан астам) және Қытай (726 млн доллар) кірді. Ал АҚШ-тан келетін инвестиция 541 млн долларға азайған – бұл теріс динамика.

Ulysmedia.kz бұл мәселеге байланысты СІМ-ге ресми сауал жолдады.

– Қазақстан жаһандық экономикамен тығыз байланысты болғандықтан, тікелей шетелдік инвестициялар (ТШИ) ағымының әлем бойынша төмендегенін байқап отыр. UNCTAD деректері бойынша, 2023 жылы қатарынан екінші жыл инвестиция көлемі 10%-дан аса қысқарды. Бұл – геосаяси және нарықтық тұрақсыздықтың салдары. Сондықтан инвестиция ағымы әлемнің басты донор елдерінде ғана емес, Қазақстанда да азаюда, делінген министрлік жауабында.

САПАР МЕН “ҚЫЗМЕТ” – ҚАЙСЫСЫ ҚЫМБАТҚА ТҮСЕДІ

2024 жылғы инвестициялық белсенділік жоспарланғандай болмаған жағдайда, СІМ-нің 2025 жылғы шығындарының өсуі орынды ма? Бұл орынды сұрақ.

Шынтуайтында келгенде, кейбір бағыттарға министрлік бұрынғыдан аз қаржы жұмсамақ, ал кейбір баптар бойынша – керісінше, шығындар бірнеше есеге артады. Бәрін мына тұстан көруге болады. 

Ең көп шығын – «сыртқы саясат қызметін үйлестіру қызметтері» деп аталатын тармақ. Бұған 2024 жылы 77,4 млрд теңге жұмсалса, 2025 жылы 85,4 млрд теңге бөлінбек.

«Қызметтер» сөзіне бірден көз түседі. СІМ-нің 2013 жылғы арнайы бұйрығында мұндай қызметтерге сыртқы ұйымдар тартылатыны айтылмайды. Бірақ мұндай шығындар дипломатиялық сапарлармен, қауіпсіздікпен, іс-шаралар ұйымдастырумен және визалық қолдау жұмыстарымен байланысты болса, мұны қисынды деуге болады.

Ulysmedia.kz 2024 жылы СІМ қызметкерлерінің шетелдік іссапарларына қанша қаржы кеткенін, министр Мұрат Нұртлеудің елден тыс қанша күн болғанын және оны сапарларда қанша адам ерткенін сұрап көрді. Баспасөз қызметі бұл ақпаратты «қызметтік қолданыс үшін ғана» деген бұйрыққа сүйеніп, толық ашып жауап бермеді. Бірақ ресми жауапта: 2024 жылы вице-премьер – СІМ басшысы Мұрат Нұртлеу 35 шетелдік сапар жасап, 205 кездесу өткізгені айтылған.

Қандай делегация баратыны сапардың мазмұнына байланысты. Әдетте, министрмен бірге қажет мамандар барады. Сондықтан делегация саны өзгеріп отырады.

СҰРАҚ БАР – ЖАУАП БАР

Алайда бір жайтқа ерекше назар аудардық: шетелдік сапарларға бөлінетін қаражат туралы мәлімет ашық дереккөздерде – Парламент қабылдаған «2025–2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңда бар. Құжатта бұл мақсатқа 2025 жылы 3 млрд теңге бөлінгені жазылған. 2024 жылы бұл көрсеткіш – 3,3 млрд теңге болған.

Айта кетейік, бұл тек СІМ қызметкерлеріне емес, барлық ресми делегацияларға, оның ішінде президент пен үкімет мүшелерінің сапарларына да жұмсалады.

Ал 2018 жылғы үкімет қаулысына сәйкес, мемлекеттік орган басшылары шетелге шыққанда бизнес-класс билеттері мен люкс санатындағы бір орындық нөмірде тұруға құқылы. Қарапайым қызметкерлер үшін – эконом-класс және стандартты нөмір. Сонымен қатар, барлық іссапармен барғандарға тәулігіне 80–100 доллар көлемінде күнделікті төлем беріледі.

Сонда да бір сұрақ жауапсыз қалады: егер бұл мәліметтер ашық заңда көрсетілген болса, неге СІМ басшысы Мұрат Нұртлеу 2024 жылдың ақпанында бұл деректерді ведомстволық бұйрықпен «құпия» етіп бекіткен?