"Өмір сүргім келеді" жобасы Ресей әскерінде соғысып жүрген қазақстандықтардың тізімін жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
264 ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БАР
Бұл туралы X әлеуметтік желісінде “Өмір сүргім келеді” жобасының парақшасында жарияланған.
“Ресей армиясы қатарында қызмет ететін шетелдік жалдамалылар туралы жарияланымдар сериясын бастаймыз. Алғашқы ел – Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше Қазақстан Республикасы.”- деп жазған желідегі парақшада.
Суреттегі тізімнен 264 адамды көруге болады. Олардың арасында Әбдіраш Нұрболат, Әбілдин Серік, Әбілжанов Ержан,Әуелбеков Қуат секілді қазақ азаматтары да байқалады.
ЖАРНАМАЛАР ПАЙДА БОЛДЫ
Соңғы уақытта қазақстандықтарды Ресей әскеріне қызметке тарту әрекеттері байқалуда. Мәселен, интернетте Қазақстан азаматтарын Ресей армиясының қатарына шақыратын жарнамалар пайда болды. Бұл жарнамаларда келісімшартқа отырғандарға 495 мың рубль көлемінде бір жолғы төлем және ай сайын кемінде 190 мың рубль жалақы ұсынылатыны айтылған.
Алайда, Қазақстан заңнамасына сәйкес, шетелдегі әскери қақтығыстарға қатысу заңсыз болып табылады. Мысалы, 2022 жылдың күзінде Қазақстан азаматы Ресейдің жеке әскери компаниясының құрамында Украинадағы қақтығысқа қатысқаны үшін сотталды. Сот үкімімен ол 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар, Ресейдегі жалдамалы әскерилер мен еріктілер соғыс аяқталғанға дейін үйлеріне қайтарылмайтыны туралы мәліметтер бар. Ресей президенті Владимир Путиннің мәлімдеуінше, олардың келісімшарттары немесе мобилизация мерзімі есепке алынбайды.