×
504.34
556.34
5.97
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
504.34
556.34
5.97

Армения ресми түрде Еуропа одағына мүше болуға ниетті екенін мәлімдеді

06.04.2025, 09:12
Армения ресми түрде Еуропа одағына мүше болуға ниетті екенін мәлімдеді
Ашық дереккөзден

Армения президенті Ваагн Хачатурян елдің Еуропалық одаққа (ЕО) мүше болу процесін ресми түрде бастауға бағытталған заңға қол қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.

Арменияның ЕО-ға мүшелік процесін бастау туралы деп аталатын құжат бұған дейін республиканың парламенті тарапынан мақұлданған болатын. Аталған заң елдің еуроинтеграциялық бағытын институционалдық тұрғыдан бекіткен негізгі актілердің бірі ретінде президент қол қойған бірқатар маңызды шешімнің қатарында тұр. Сонымен қатар, Хачатурян Армения мен Гонкоң арасындағы қосарланған салық салуды болдырмау жөніндегі келісімді және Арменияның салық кодексіне енгізілген түзетулерді де мақұлдады.

Еуропалық одақ тарапынан ресми шақыру болмағанына қарамастан, Ереван Еуропаға ұмтылысын заң жүзінде рәсімдеп, ЕО бағытына бет бұрудың символикалық әрі саяси қадамын жасады.

Бұған дейін премьер-министр Никол Пашинян Арменияның ЕО-ға толыққанды мүшелігі туралы шешім тек бүкілхалықтық референдум негізінде қабылдануы мүмкін екенін айтқан. Оның айтуынша, Еуропамен жақындасу бағыты армян қоғамының бір бөлігінің үміті мен құндылықтарын бейнелейді.

Арменияның Еуропаға бет бұру ниеті алғаш рет 2023 жылдың соңында ресми түрде айтылды. Сол кезде елдің сыртқы істер министрлігі Арменияның «еуропалық ұмтылыстары бар» екенін мәлімдеген еді. Ал 2024 жылдың наурызында министрлік еуроинтеграция мәселесінің белсенді талқыланып жатқанын растап, бұл процестің нақты нәтижесін алдын ала болжау мүмкін еместігін мойындаған.