×
518.31
567.96
6.03
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
518.31
567.96
6.03

Трамптың жарлығынан кейін Азиядағы ірі компаниялардың акциясы күрт құлдырады

07.04.2025, 08:12
Трамптың жарлығынан кейін Азиядағы ірі компаниялардың акциясы күрт құлдырады
Ашық дереккөзден

Әлемдік қор нарықтары Дональд Трамп енгізген импорттық баж салығына байланысты тұрақсыз күйге түсті: дүйсенбі күні таңертең ашылған сәттен бастап Азия мен Аустралия биржаларының индекстері күрт төмендей бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы ВВС орыс қызметіне сілтеме жасап.

Токио биржасының индексі Nikkei 225 — сауда басталған алғашқы жарты сағатта 8,5%-ға дейін құлдырады, кейін сәл түзетіліп, бір пайыздық пунктке жуық өсті.

Аустралия биржасының S&P/ASX 200 индексі алғашқы минуттарда шамамен 6,4%-ға дейін төмендеп, осы деңгейде тұрақтады.

Оңтүстік Корея қор нарығының KOSPI индексі де сауда басталысымен 5%-дан астам төмендеді.

Nikkei 225 индексінің төмендеуіне негізінен жапон автокөлік компанияларының акциялары әсер етті.

Honda компаниясының акциялары сауда ашылғаннан кейін шамамен 8%-ға, Nissan акциялары 10%-ға құлдырады. Mitsubishi Motors-тың да бағалы қағаздары шамамен 10%-ға арзандады.

Бұл автокөлік алыптары үшін Солтүстік Америка нарығы — АҚШ, Канада және Мексика — негізгі сату нарығы болып саналады.

АҚШ президенті Дональд Трамп шетелдік өндірістегі барлық автокөлікке 25%-дық импорттық баж салығын енгізді.

Тайвань, Шанхай және Гонконг биржалары да құлдырап жатыр

Қытай биржалары да АҚШ президентінің бүкіл әлемге сауда соғысын жариялауына байланысты Азиядағы қор нарығының жаппай құлдырауына қосылды.

Гонконгтағы Hang Seng индексі ашылғаннан кейінгі алғашқы жарты сағатта шамамен 9%-ға төмендеді. Шанхай биржасының SSE Composite Index көрсеткіші 6%-ға, ал Тайваньдағы TAIEX индексі 9,6%-ға дейін құлады.