Саясаттанушы Досым Сәтпаев Қазақстаннан кадрлардың, яғни білімді адамдардың шетелге кетуінің негізгі себептерін атады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ол бұл туралы Khanzat Kenges YouTube-арнасында жарияланған «Отток» атты деректі фильм аясында бөлісті.
ҮШ РЕВОЛЮЦИЯ ДӘУІРІ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН
Сәтпаевтың айтуынша, америкалық зерттеуші Наим Мойзес өзінің «Биліктің ақыры» атты кітабында қазіргі әлем үш үлкен өзгеріс кезеңіне өткенін жазады: бұл – менталитет революциясы, әртүрлілік (плюрализм) революциясы және мобильділік революциясы. Осы соңғысы Қазақстанды да айналып өтпеген.
ЕЛДЕН КЕТІП ЖАТҚАНДАР
Саясаттанушы өзі араласатын ортада да Қазақстаннан әртүрлі себеппен кеткен адамдардың көп екенін айтты. Оның пікірінше, олардың басты себебі – биліктің тиімсіздігі.
- Адамдар салық төлеуге, билікке саяси тұрғыдан адал болуға дайын. Бірақ олар бұл өздеріне тиімді болса ғана істейді. Ал билік соңғы 30 жыл бойы өзін көрсете алған жоқ, дейді ол.
ЕЛДЕН БІЛІМДІ АДАМДАРДЫҢ КЕТУІ
Сәтпаев мысал ретінде Дүниежүзілік банктің бір зерттеуін келтірді. Онда жоғары білімді бір адамның басқа елге кетуі – өзі шыққан мемлекетке орта есеппен 1 миллион доллар шығын әкелетіні айтылған.
ТАҒЫ БІР СЕБЕП
Саясаттанушы елден кетудің тағы бір терең себебіне назар аударады. Оның айтуынша, Қазақстанда «қазақстандық арман» деген ұғым қалыптаспаған. Яғни билік пен халықты біріктіретін ортақ құндылықтар жүйесі жасалмаған.
- 30 жыл ішінде Қазақстанда билік тарапынан қоғаммен біріктіретін қандай да бір ортақ құндылықтар моделі қалыптаспады. Бұл – елден кетуге мәжбүрлейтін себептердің бірі, дейді Сәтпаев.
САУАЛНАМА
Еске салайық, былтыр желтоқсанда Қазақстанда әрбір бесінші азамат елден көшуді ойлайтыны туралы сауалнама нәтижесі жайлы хабарлаған едік. Қоғам пікірін зерттейтін DEMOSCOPE экспрес-мониториң бюросы Қазақстандағы көші-қон көңіл-күйіне талдау жүргізіп, жұрт ішінде сауалнама жүргізген. Соның нәтижесінде әрбір бесінші респондент елден көшу мәселесін қарастыратынын айтқан.
Сауалнама 2024 жылдың 13-24 қарашасы аралығында өткізілген. Жауап деректері бойынша, сұралғандардың 21% Қазақстаннан кеткісі келеді, оның 6,9% мұны алдағы 2-3 жылда жасауды жоспарлап отыр. Негізгі себептер – жалақының төмендігі, бұлыңғыр келешек және жақсы білім алуға немесе жұмыс істеуге деген ұмтылыс.