Әлеуметтік желі қолданушылары Қазақстан азаматының Гарвард университетіне қалай түскені және оқу ақысын өтеу үшін «Болашақ» стипендиясын алу жолындағы күресі туралы жазбасын қызу талқылап жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Threads желісінде Shadiyar Les атты қолданушы өз басынан өткен оқиғаны бөлісті.
- Гарвардқа түскеннен кейінгі келесі басты мақсат — оқу ақысын жабу жолын табу болды. Мен кез келген мүмкіндікті қарастыра бастадым, себебі Гарвардта оқуға деген мүмкіндікті жібергім келмеді. «Болашақ» стипендиясы құжаттарды тек сәуірдің соңында қабылдай бастады, сол себепті бәріне үлгермей қалам ба деп қатты уайымдадым. Оның үстіне, Гарвард 19 мамырға дейін оқу ақысын төлей алатынымды растауымды талап етті, деп жазды ол.
ҚҰЖАТТАР, СҰХБАТ ПЕН КҮТУ
Шадияр қажетті тест тапсырып, барлық құжаттарын жинаған. Бірақ құжат қабылдау уақыты қайта-қайта кейінге шегеріліп отырған. Сәуір айында оның таңдаған бағдарламасы «Болашақтың» бекітілген тізімінде жоқ екенін білген. Сондықтан ол жеке қарауға өтініш береді, бұл екі апта уақытты алған.
- Барлық тесттерді жұмыс барысында тапсыруыма тура келді. Содан кейін сұхбат кезеңі басталды. Бірақ ең қиыны – жауапты күту болды, дейді ол.
Оның айтуынша, 27 маусым күні ғана көптен күткен жауабы келген.
ЖЕЛІ РЕАКЦИЯСЫ
Желі қолданушылары бұл оқиғаға қатысты өз пікірлерін бөлісіп, «Болашақ» стипендиясын алу қаншалықты қиын екенін айтып жатты. Көпшілігі автордың сөзін растап, гранттың өзі емес, құжат жинау процесі – ең күрделі кезең екенін атап өтті.
- Болашақтың өзі емес, ХҚКО мен анықтамалар үшін талмай шапқылау қажытады, деген пікірлер жазылды.