Алматы қаласында қатты жаңбыр мен екпінді жел тұр. Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, бұл қолайсыз ауа райы түнде де жалғасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚАУІПСІЗДІК ЕРЕЖЕЛЕРІН САҚТАҢЫЗ!
8 сәуірге қараған түні Алматыда найзағай ойнап, желдің бағыты оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа ауысып, екпіні 18 м/с дейін жетуі мүмкін. Осыған байланысты қала тұрғындары мен қонақтарына жеке қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау ескертілді.
"Құрметті алматылықтар мен қала қонақтары! Таулы аймақтарға серуенге шығудан бас тартқандарыңыз жөн. Сақ болыңыздар! Өздеріңіз бен жақындарыңызды қорғаңыздар!" – деп ескертті ТЖД.
ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫ: НЕ ЕСКЕРУ КЕРЕК?
Департамент төмендегі қауіпсіздік шараларын есте сақтауға шақырды:
Әуе желілерінің тұтастығына назар аударыңыз;
Көлікті ағаштардың астына қоймаңыз;
Нық бекітілмеген құрылымдардың астында тұрмаңыз.
ЖЕЛ ШАТЫРДЫ ҰШЫРЫП КЕТТІ: ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ ВИДЕОЛАР
Әлеуметтік желі қолданушылары Алматыдағы кешкі дауыл салдарын бөлісуде. Таугүл ықшам ауданында қатты жел көпқабатты үйдің шатырын ұшырып кеткені түсірілген бейнежазба тарап жатыр.