Алматыда айтыскер ақын Балғынбек Имашевтың ұлы алаяқтық бойынша тергеліп жатыр. Бұл ақпаратты Алматының полиция департаменті растады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Желідегі ақпаратқа бұған қажылыққа ұша алмаған туристердің шағымы себеп болған. Данияр Имашев соларға жолдама сатқан «Qazaq travel» компаниясының атқарушы директоры болып шыққан.
ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ
Алматының полиция департаментінің мәліметінше, алаяқтық дерегі бойынша Әуезов аудандық полиция басқармасында қылмыстық іс тергеліп жатыр.
- Ресми түрде 50-ге жуық азаматтан арыз түсті. Қазіргі таңда қылмыстық іс жүргізу кодексімен көзделген барлық тергеу амалы жүргізіліп жатыр. Істің мән-жайы анықталып, процессуалдық шешім қабылданасын болады, дейді полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, бұған дейін UMRAH KZ компаниясынан жолдама алған қажылар да алданған болатын. Желіде журналист Диас Нұрақын кіші қажылыққа барып, елге қайта алмай отырған отандастарымыз туралы мәлімет жариялады.
Ұйымдастыру жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуі салдарынан қасиетті сапар аяқталған соң да үйлеріне орала алмаған. Қажылар ақпанның 15-і күні жолға шығуы керек болған. Алайда белгісіз себептермен сапар наурыздың 18-іне шегерілген. Сол уақыттан бастап қиындықтар бірінен соң бірі пайда болған.