АҚШ президенті Дональд Трамп 9 сәуірде Қытайдан әкелінетін тауарларға салынатын кедендік баж салығын күрт өсіретінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы ол Truth Social әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында жазды.
«Қытайдың жаһандық нарықтарға құрметсіздікпен қарауына байланысты, АҚШ тарапынан Қытайға салынатын тариф бірден 125%-ға дейін өсіріледі», – деді президент өз мәлімдемесінде.
Сонымен қатар, Трамп Қытайдың АҚШ пен басқа да елдерді бұрынғыдай еркін тонай алмайтынын түсінетін кезі келгенін атап өтті.
90 КҮНДІК МОРАТОРИЙ ЖӘНЕ 10% ШЕКТЕУЛІ ТАРИФТЕР
АҚШ президенті қазіргі таңда әлемнің 75-тен астам мемлекеті АҚШ-тың Сауда министрлігі, Қаржы министрлігі және АҚШ Сауда өкілі кеңсесімен сауда және валюта мәселелері бойынша келіссөздер жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
Осыған байланысты, Трамп 90 күндік мораторий енгізіп, бұл кезеңде өзара тарифтерді 10%-ға дейін төмендетуге шешім қабылдағанын айтты.
БҰҒАН ДЕЙІН
АҚШ Трамптың жаңа сауда саясаты шеңберінде Қазақстаннан әкелінетін тауарларға 27% мөлшерінде баж салығын енгізген.
Жаңартылған тізімге АҚШ-тың жаңа сауда шектеулерін ескеруі тиіс ондаған мемлекет енген. Ең жоғары тарифтер Камбоджаға (49%), Мадагаскарға (47%), Вьетнамға (46%), Шри-Ланкаға (44%) және Мьянмаға (44%) белгіленген. Қазақстан үшін бұл көрсеткіш – 27%.
Сонымен қатар, жаңа тарифтер АҚШ-тың ірі сауда серіктестеріне де әсер етті. Атап айтқанда, Қытайға (34%), Үндістанға (26%), Оңтүстік Кореяға (25%), Таиландқа (36%), Еуропалық одаққа (20%) және Швейцарияға (31%) жаңа баж салығы енгізілді.
Қаржы саласының маманы Расул Рысмамбетов АҚШ президенті Дональд Трамптың жаңа сауда саясатын түсіндіріп, пікір білдірген.