11 сәуір күні таңғы сағат 11:00-де басталған билеттердің онлайн сатылымы үлкен дүрбелеңге ұласты. Ticketon платформасында бір мезетте шамамен 50 мың адам концертке билет алуға тырысқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҰЙЫМДАСТЫРУШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, концертке сұраныс зал сыйымдылығынан бірнеше есе көп болған. Олар билеттердің бірінші күннің өзінде-ақ таусылатынын алдын ала болжапты.
БИЛЕТТІ ҚАЛАЙ АЛАСЫЗ?
– Төлем сәтті өткеннен кейін сізге сатып алуды растайтын ваучер беріледі.
– Нақты электронды билеттер шілде айының соңында, концертке бірнеше күн қалғанда e-mail арқылы жіберіледі.
– Хабарламаларда кідіріс болуы мүмкін, бірақ барлығы бір күн ішінде жеткізіледі.
– Билеттің жойылғаны туралы кез келген хабарламалар — жалған.
ЭЛЕКТРОНДЫ БИЛЕТ ҚАШАН КЕЛЕДІ?
Ticketon.kz сайтында көрсетілгендей, электронды билет 28 шілде мен 1 тамыз аралығында жіберіледі.
БИЛЕТТЕР 400 МЫҢ ТЕҢГЕДЕН САТЫЛЫП ЖАТЫР
Бірқатар адамдар концерттік билеттерді басқа сайттарда 400 000 теңгеден бастап сата бастаған. Бұл билеттердің шынайылығына ешқандай кепілдік жоқ.
БАРЛЫҚ БИЛЕТ САТЫЛЫП КЕТТІ — АЛ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫЛАР НЕ ІСТЕЙДІ?
Қазіргі таңда Ticketon платформасында барлық билеттер сатылып кеткен.
Ұйымдастырушылар кейбір билеттердің фейк аккаунттар арқылы жаппай сатып алынған болуы мүмкін деп күдіктеніп, тексеріс жүргізіп жатыр.
ӘНШІНІҢ КОНЦЕРТІ
Америкалық поп-дива Дженнифер Лопес Қазақстанды өзінің әлемдік Up All Night турнесіне қосқан.
Концерт 2025 жылдың 1 тамызында Astana Arena стадионында өтеді. Бұл – Лопестің Қазақстандағы алғашқы өнер көрсетуі.
Тур әлемнің 15-ке жуық қаласын қамтиды, олардың арасында Анталья, Ыстамбұл, Мадрид, Барселона, Будапешт және Варшава бар. Қазақстан – Орталық Азиядағы осы гастрольдік сапарға қосылған аз ғана елдің бірі, бұл шара жергілікті жанкүйерлер үшін ерекше мәнге ие.
Шамамен 15 мың шетелдік турист концертке келмек. Ал экономикалық әсері 6,5 миллиард теңгеге дейін жетуі мүмкін.