Брюссельде өткен «Рамштайн» форматындағы Украина қорғанысын қолдау жөніндегі байланыс тобының кезекті отырысында Киевке 21 млрд еуро көлемінде әскери көмек берілетіні жарияланды. Бұл туралы 11 сәуірде Ұлыбритания қорғаныс министрі Джон Хили хабарлады. Жиын алғаш рет Лондон мен Берлиннің тең төрағалығымен өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«БҰЛ ҚОЛДАУ СОҒЫС МАЙДАНЫНДА БИЫЛҒЫ ЖЫЛЫ-АҚ ӘСЕР БЕРЕДІ»
Германия қорғаныс министрі Борис Писториустың айтуынша, серіктес елдердің қолдауы Украина әскеріне нақты көмек көрсетеді.
«Мен әлем елдерінің қолдауына риза болдым. Бұл көмектің биылғы жылы-ақ майдандағы жағдайға әсер ететініне сенемін», – деді ол.
«УКРАИНАДАҒЫ БЕЙБІТШІЛІК ЖАҚЫН УАҚЫТТА МҮМКІН ЕМЕС»
Писториус бейбіт келісімнің жуық арада болмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, Украинаға үздіксіз көмек көрсету – Ресейді соғысты жалғастырудың нәтижесіз екеніне көз жеткізудің жолы.
«Украина күресті жалғастыра алады, біз оны қолдаймыз», – деді.
ҰЛЫБРИТАНИЯ – 350 МЛН ФУНТТЫҚ ЖАҢА КӨМЕК
Джон Хили Британияның 350 млн фунт стерлинг (458 млн доллар) көлемінде қосымша көмек көрсететінін жариялады. Бұл қаражат радарлар, дрондар, танкке қарсы миналар мен әскери техниканы жөндеуге жұмсалмақ.
БЕРЛИННІҢ ЖОСПАРЫ – 2029 ЖЫЛҒА ДЕЙІН 11 МЛРД ЕУРО
Германия 2029 жылға дейін Украинаға қосымша 11 млрд еуро бағыттамақ. Бұл қаржы зымырандар, ПВО жүйелері мен оқ-дәрілер сатып алуға жұмсалады.
«Әскери тұрғыда мықты Украина ғана тұрақты бейбіт шешімге жол ашады», – деп атап өтті.
ЖАҢА ТЕХНИКА: ТАНКТЕР, ЗЫМЫРАНДАР, ДРОНДАР
Украина биыл қосымша IRIS-T әуе шабуылына қарсы 4 жүйе, 300 басқарылатын зымыран, 100 радар, 100 мың артиллериялық снаряд, 300 барлау дроны, 25 Marder жаяу әскер машинасы, 15 Leopard 1A5 танкі мен тағы басқа техникалармен қамтылады.
«РАМШТАЙН» ФОРМАТЫНДА ЖАҢА КЕЗЕҢ БАСТАЛДЫ
2022 жылы құрылған «Рамштайн» тобының отырыстарын бұған дейін АҚШ жүргізген болатын. Енді бұл рөлді Ұлыбритания өз мойнына алды. The Times газетінің дерегінше, АҚШ бұл шешімді Еуропа елдерінің белсенділігін арттыру үшін қабылдаған.