АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейге үндеу тастап, Украинадағы соғысты тоқтатуға шақырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл үндеу Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткоффтың Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуі аясында жасалды.
"Ресей әрекет ете бастауы керек. Аптасына мыңдаған адам көз жұмуда – бұл соғыс қорқынышты және мағынасыз. Бұл соғыс мүлде болмауы тиіс еді. Егер мен президент болғанымда, болмас еді!" – деп Трамп Truth Social желісіндегі парақшасында жазды.
ТРАМПТЫҢ АРНАЙЫ ӨКІЛІ РЕСЕЙГЕ БАРДЫ
11 сәуір, жұма күні Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф Ресейге ресми сапармен келіп, сол күні кешке Санкт-Петербургте Владимир Путинмен кездесті. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, кездесу барысында Украинадағы қақтығысты бейбіт жолмен реттеу және болашақта Трамп пен Путин арасындағы кездесу мүмкіндігі талқыланды.
КРЕМЛЬ АҚШ-ПЕН ӨЗ ҰСТАНЫМЫН БӨЛІСТІ
Дмитрий Песков бұл кездесуді Ресей тарапынан Дональд Трампқа өз ұстанымы мен алаңдаушылығын жеткізудің мүмкіндігі деп атады.
ҚАҚТЫҒЫСТЫҢ ТОҚТАУЫНА НЕ КЕДЕРГІ?
Ресей мен Украина бұған дейін келіссөз жүргізуге дайын екендіктерін білдіргенімен, екі тараптың талаптары бір-біріне сай келмей отыр. Кремль Украинаның бейтарап және ешқандай әскери одаққа кірмейтін ел болуын, сондай-ақ Қырым мен Донбасс, Херсон және Запорож облыстарынан ресми түрде бас тартуын қалайды. Ал Украина НАТО-ға кіруді, қауіпсіздік кепілдіктерін алуды және аумақтық тұтастығын толық мойындауды талап етуде.