Ақтөбеде тоғыз көшеге күрделі жөндеу жүргізу бойынша байқау аяқталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz “Диапазон”-ға сілтеме жасап.
МӘН-ЖАЙ
Мемлекеттік сатып алу сайты арқылы өткен байқау 7 наурызда аяқталған.
Металлургтер, Радистер, Павлов 1, Павлов 2, Жұмысшы, Диірменді, Суворов көшелері және Балқытуушылар мен Қырымский тұйық көшелері жөнделеді.
Жөнделетін учаскелердің жалпы ұзындығы – 7,363 шақырым. Байқау нәтижесі бойынша бөлінген сома – 1 866 483 683 теңге. Алайда конкусртың жеңімпазы ұсынған баға сәл төмен – 1 829 154 009 теңге.
КОНКУРС ЖЕҢІМПАЗЫ ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ?
Байқаудың жеңімпазы болып "САПА – NS–ҚҰРЫЛЫС" компаниясы танылды. Келісімшартқа сәйкес, жөнделген жолдарға бес жылдық кепілдік беріледі.
— Тілші тізімдегі бірнеше көшені аралап шығып, ол жерлерде жөндеу жұмыстарының қажет екенін анық байқады. Суворов және Жұмысшы көшелерінде үлкен шұңқырлар суға толып, астында терең ойықтар пайда болған. Мұнда бұрын асфальт болған-болмағаны түсініксіз – тек лай-батпақ. Павлов көшесінің де жағдайы мүшкіл. Онда түрлі тереңдіктегі шұңқырлар толып жатыр. Радистер көшесі де шұрқ тесік және лайға толып кеткен, – деп жазды басылым.
Еске салайық, осы жылғы ақпанда премьер-министр Олжас Бектенов облыстық және аудандық жолдарды қайта жөндеуге айтарлықтай қаражат, соның ішінде республикалық бюджеттен де бөлінетінін айтқан еді. Алайда халық жолдардың сапасына әлі де наразы екенін айтып жатыр.