Ғылым және жоғары білім министрлігі Алматыдағы В. Г. Фесенков атындағы Астрофизика институтының қызметкерлерінің жұмыстан шығарылуына қатысты түсінік беруден бас тартты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
Алматыдағы Астрофизикалық институттың қызметкерлері Ғылым күні қарсаңында белгісіз себептермен жұмыстан шығып қалды. Бұл туралы институттың Ай мен планеталар физикасы зертханасының жетекшісі Виктор Тейфель мәлімдеді.
РЕСМИ САУАЛҒА ЖАУАП
Ulysmedia тілшісі ғылым және жоғары білім министрлігі мен цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне ресми сауал жолдады.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз хатшысы болған оқиғаға қатысты түсінік беруден бас тартты.
– Пікір бере алмаймыз, – деп қысқа жауап берді ол.
АНЫҚТАМА
Еске салайық, қызметкерлердің жұмыстан босатылғанын мәлімдеген Виктор Тейфель – Қазақстандағы танымал астрофизик, В. Г. Фесенков атындағы Астрофизика институтының жетекші қызметкерлерінің бірі. Аталған мекеме 1941 жылы Василий Григорьевич Фесенковтың бастамасымен құрылған. Ол – ҚР Аэроғарыш комитетіне қарасты Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығының еншілес ұйымы.