Үкімет басшысы Олжас Бектенов Ақмола облысында суға кеткен ауылдар жайлы айта келе екі әкім жағдайды бақылаудан шығарып алғанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Үкімет отырысында бүгін су тасқынының салдары мәселесі, табиғи апаттың алдын алу ісі талқыланып жатыр.
Ақмола облысында екі ауданның, атап айтқанда Бұланды мен Астрахан ауданындағы ауылдарды су басқан еді. Кейбір ауылдарға баратын жолдарды су шайып кеткен.
Жалпы облыста қабылданған шаралар өз нәтижесін берді. Бірақ Астрахан мен Бұланды аудандарының әкімдері жағдайды жіберіп алды. Оны қазір көріп отырмыз, – деді Бектенов.
Салғырт жоспарлау – су апатының басты себебі
Ақмола облысында сәуірдің басында болған су тасқыны тосыннан келген табиғи апат емес, инженерлік немқұрайдылық пен шалағай жоспарлаудың салдары дейді премьер-министр Олжас Бектенов. Оның сөзінше, су басу қаупі алдын алуға болатын еді. Мәселен, Ескі Қалқұтан ауылындағы өзен жағалауын бекіту және тереңдету жұмыстары тек 3 шақырым жерде жүргізілген, ал жоба бойынша 11 шақырым қамтылуға тиіс еді. Нәтижесінде өзен арнасынан асып, 100-ден аса үйді су шайып кетті.
Макинск қаласында да су жайылған, алайда жергілікті билік дер кезінде әрекет етпеген. Тағы бір сорақы жайт – дәл осы елдімекендер жыл сайын су астында қалып келеді. Бұл, Үкімет басшысының айтуынша, қабылданып жатқан шаралардың тиімсіздігін айғақтайды. Ақмола облысының әкімі Марат Мұратұлына биыл толықтай қайта жоспарлау жүргізіп, нақты шаралар қабылдау тапсырылды.
Қауіп әлі де бар
Премьер-министрдің айтуынша, республика көлемінде су тасқыны кезеңі негізінен бірқалыпты өтіп жатыр, алайда бірқатар өңірлерде қауіп сейген жоқ. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында Есіл өзенінде су деңгейінің көтерілуі болжанып отыр. Шығыс Қазақстанның таулы аймақтарында да 50%-дан астам қар әлі ерімеген.
Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігіне барлық мүдделі органдармен бірге тәулік бойы мониторинг жүргізу, су деңгейін қатаң бақылауда ұстау тапсырылды. Сонымен қатар, Абай, ШҚО және СҚО әкімдіктеріне шұғыл әрі жауапты жұмыс істеу міндеттелді. Тұрғындармен кері байланыс орнатып, ел басшылығын хабардар ету – жергілікті билік үшін енді міндет.
Су ресурстары министрлігі мен өңірлердегі әкімдіктерге су қоймаларындағы ахуалды қадағалау, гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүктелді.
"Tasqyn" жүйесі жайлы
Су тасқынына байланысты күрделі ахуал кезінде мемлекет тек күштер мен техникаға ғана емес, цифрлық модельдеу мен болжау жүйелеріне де арқа сүйеуі керек. Бірақ бұл бағытта да олқылықтар бар. Олжас Бектенов Цифрлық даму министрлігіне «Tasqyn» ақпараттық жүйесін жетілдіруді, оның кемшіліктерін ескеріп қайта қарап шығуды тапсырды. Экология министрлігі ауа райына байланысты дабылдар туралы шұғыл хабарлау жүйесін пысықтауы тиіс. Көлік министрлігі зақымдалған жол инфрақұрылымын қалпына келтіруді үйлестірсе, ІІМ мен ТЖМ ахуал күрделенген жағдайда қосымша күштер мен құралдарды жұмылдыруға дайын болуы шарт дейді Бектенов.
Олжас Бектенов жұмысты үйлестіруді орынбасары Қанат Бозымбаевқа жүктеді.