Бұл сұрақ бүгін Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевқа қойылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МИНИСТР НЕ ДЕЙДІ
Түркістан облысында Қызыл кітапқа енген қызғалдақты деп бір әйелдің басы бәлеге қалды. Әрине жазалайтын полиция. Бірақ экология министрі қалай ойлайды жалпы? 12 шоқ гүл үшін 12 млн теңгеге дейін айыппұл салған әділетті ме? – деп сұрады Ulysmedia.kz тілшісі министрден.
Бұл сұраққа жауап берген Ерлан Нысанбаев бәрі заңға сәйкес екенін, ешкім артық кетіп жатпағанын айтты.
Қылмыстық кодекстің 339-бабына сәйкес, 3-7 мың АЕК-ке дейін айыппұл салу қарастырылған. Сондықтан, ол жерде бәрі заңға сәйкес болды, – дейді ол.
Министр “бәрінің қазір көзі ашық, қызғалдақ жазда бұрқ етіп шыққанымен, жоғалып кету қаупі жоғары. Сондықтан, бұл Қызыл кітапқа енген өсімдік. Заң бар” деді ол. “Яғни, сіз дұрыс деп есептейсіз бе?” деген сұраққа Нысанбаев “әрине, заң бар, бәрі заңға сәйкес” деп жауап берді.
ОҚИҒА ЖАЙЛЫ
Түркістан облысы, Ордабасы ауданында Қызыл кітапқа енген қызғалдақты терген әйел видеоға түсіп қалған еді. Видео halyqstan телеграм арнасында жарияланды. Видеода әйел адам Қызыл кітаптағы гүлдерді кесіп, көлігіне салып жатқаны көрсетілген. БАҚ мәліметінше, видео осы жексенбіде түсірілген.
ҚАНДАЙ ЖАЗА КҮТІП ТҰР
Қызыл кітапқа енген гүлдерді жұлғандарға
• 3000 АЕК (11 796 000 теңге) көлемінде айыппұл салынады,
• Немесе қоғамдық/түзету жұмыстарына жіберілуі мүмкін.
Бұл — жай ескерту емес, нақты заңда қарастырылған жауапкершілік.
ҒАЛЫМДАР НЕ ДЕЙДІ
Ғалымдардың айтуынша, табиғи қызғалдақтар пиязшық арқылы емес, негізінен тұқым арқылы көбейеді. Бұл тұқымдар топырақта 4 жылдан 7 жылға дейін жатады, содан кейін ғана өніп, жаңа гүлге айналады. Егер адамдар оларды үнемі жұлып жүре берсе, табиғи қызғалдақтар мүлде жойылып кетуі мүмкін.