×
523.2
594.3
6.38
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
523.2
594.3
6.38

«Мазар маңында да монополия бар»: билік зираттағы заңсыз табыс көздеріне тоқтау қоймақ

15.04.2025, 21:18
«Мазар маңында да монополия бар»: билік зираттағы заңсыз табыс көздеріне тоқтау қоймақ
Ашық дереккөзден

Қазақстанда зираттарға жер бөлу және жерлеу қызметтері айналасындағы заңсыздықтар мен бағаның өз бетінше қойылуы қоғамда қызу талқыланып келеді. Ел азаматтары тіпті кейде қайтыс болған туыстарын жерлеу үшін заңсыз делдалдарға ақша төлеуге мәжбүр. Бұл мәселе ақыры Үкімет деңгейінде көтерілді. Жуырда Сенат депутаттары премьер-министр Олжас Бектеновке ресми сауал жолдап, зираттағы жер саудасына тоқтау салу, бұл қызметті реттеу жөнінде нақты шаралар қабылдауды талап еткен. Бектенов өз жауабында аталған саладағы проблемаларды мойындап, реттеуге уәде берген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЖЕРЛЕУГЕ АРНАЛҒАН ОРЫН ТЕГІН, БІРАҚ...

Жер кодексінің 109-бабының 3-тармағына сәйкес, зиратқа арналған жалпы пайдаланымдағы жерлерден қайтыс болған әр адамға – ол елді мекеннің тұрғыны болсын, не тұрақты мекенжайы жоқ тұлға болсын – кемінде 6 шаршы метр жер телімі тегін берілуі тиіс. Бұл – заңмен бекітілген норма.

Алайда, практикада бұл талап жиі бұзылады. Қайтыс болған адамды жерлеу үшін зираттан орын алу кей өңірлерде бірнеше жүз мың теңгеге дейін баратын «қызметке» айналып кеткен. Бұл мәселе зират әкімшіліктерінің әрекетінде ешбір мемлекеттік реттеу мен бақылау жоқтығынан туындап отыр.

ҮКІМЕТ ЗАҢҒА ӨЗГЕРІС ЕНГІЗЕДІ

Премьер-министрдің айтуынша, қазіргі заңнамада жерлеу қызметтерінің бағасын реттеу немесе бұл салаға лицензия беру қарастырылмаған. Кәсіпкерлік кодекстің 116-бабының 1-тармағына сәйкес, баға мен тарифті қызмет көрсетуші өзі белгілейді. Бұл нормадан тек әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, дәрі-дәрмек және табиғи монополиялар саласы ғана ерекшелік ретінде бөлінген. Жерлеу қызметі бұл тізімге кірмейді.

Сондықтан зират әкімшілері қоршау қою, орын беру, көму сияқты қызметтердің құнын өз бетінше белгілеп келеді. Бұл нарық толығымен «еркін айналымда» тұр. Осыны ескерген Үкімет зираттағы заңсыз жер саудасына тосқауыл қою үшін заңнамалық өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр. Бектеновтың айтуынша, жер телімдерін заңсыз сату мен бөлгені үшін әкімшілік жауапкершілік қарастыру мәселесі пысықталып жатыр.

СЕНАТОРЛАР ТАҒЫ НЕ СҰРАДЫ

Сенаторлар "Қазақстанда жерлеу мен зират ісі туралы жеке заң қабылдануы керек" деген ұсыныс білдірген еді. Алайда премьер-министр Олжас Бектенов бұл ұсынысты қолдамайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір бұл сала бірнеше нормативтік-құқықтық актілермен жеткілікті түрде реттеліп отыр.

Бүгінде жерлеу ісі мен зираттарды ұстауға қатысты талаптар санитарлық ережелермен және құрылыс нормалары мен ережелерімен регламенттеледі. Осы нормаларға сүйене отырып, жерлеу және молаларға күтім жасау ісін ұйымдастырудың үлгілік қағидалары да әзірленген. Сонымен қатар, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" заңына сәйкес, облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімдіктері өз аумағы бойынша территориялық жерлеу ережелерін әзірлеп, тиісті мәслихаттардың шешімімен бекітеді. Бұл құжаттар – зиратты күтіп-ұстау мен молаларға күтім жасауды реттейтін басты құралдардың бірі. Бектеновтың айтуынша, жергілікті атқарушы органдар санитариялық тазалықты қамтамасыз етіп, зираттардың жай-күйін қадағалауға, қаңғыбас адамдарды жерлеуге, сондай-ақ қабірге бөлінген жер телімдерін тіркеу мен есепке алуға міндетті.

Серіктес жаңалықтары