Мәжіліс кулуарында сөйлеген ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ғылыми ортадағы өзекті мәселелердің бірі – кадрлар жаңаруы мен ескі институттардың жағдайы туралы ашық айтты. Оның сөзінше, Фесенков институтандағы зертханаларда соңғы жылдары нақты нәтиже болмаған, ал қызметкерлердің орташа жасы зейнет жасынан асып кеткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
- Негізі бұл институт Цифрлық даму министрлігіне қарайды. Бірақ мен пікір білдірейін. Біріншіден, зертхана жабылмайды. Сол Фесенков институтының негізінде 1974 жылы ашылған нақты бір зертхана бар. Оның басшылығы қазір 92 жаста. Биыл 93-ке толады. Ең жас ғылыми қызметкері – 76 жаста, – деді министр.
Министрдің мәліметінше, бұл зертхана соңғы 20 жылда бірде-бір ірі ғылыми жобаға қатыспаған. Гранттық қаржыландыруға үш рет өтінім беріп, ешбірінде қолдау таппаған. Сонымен қатар, 2018 жылдан бері бірде-бір ғылыми мақала жарияланбаған.
- Ғылымда қан айналымы болуы керек. Жастарға жол беруіміз керек. Қазір ғылыми қызметкерлердің 46 пайызы – жастар. Соңғы екі жылда 3,5 мың жас ғалым ғылымға қайта оралды. Қаржыландыру ұлғайды. «Жас ғалым» қауымдастығын құрдық, гранттар бөлдік. Үміт бар. Бірақ жастарға мүмкіндік берілмесе, олар кетіп қалуы мүмкін, – деді Саясат Нұрбек.
Министр бұл ретте институт басшылығының ұстанымын өз министрлігі қолдайтынын атап өтті. Оның пікірінше, ғылымның дамуы үшін жас буынның әлеуетін ашуға мүмкіндік беру аса маңызды.