Маңғыстау облысында оқушылардың жаппай улану оқиғасынан кейін мектеп асханаларында жоспардан тыс тексеріс басталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Денсаулық сақтау министрлігі мен бас прокуратура өңірдегі білім беру мекемелерінің асханаларын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігін тексеру бойынша бірлескен кешенді жұмыстарды қолға алды.
Министрліктің мәліметінше, барлығы 72 нысанды тексеру жоспарланған, қазіргі уақытта облыс мектептеріндегі 14 асханада санитарлық аудит жүргізіліп үлгерген.
— Улану фактілерін жан-жақты зерттеп, мұндай жағдайлардың алдын алу үшін Денсаулық сақтау министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі мен Бас прокуратура өкілдерінен құралған ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды, — деп хабарлады министрлік өкілдері.
БЕЙНЕУДЕ 12 ОҚУШЫ УЛАНДЫ
Тексеріске себеп болған оқиға — 3 сәуір күні Бейнеу ауданындағы Манаш орта мектебінде 12 оқушының улануы. Осы жайтқа байланысты тергеу басталды, облыс әкімдігі жанынан жедел штаб құрылды, ал асхананың жұмысын уақытша тоқтату және санитарлық-профилактикалық шараларды өткізу туралы шешім қабылданды. Күдікке ілінген мектеп асханасы жабылды, материалдар полицияға жолданды.
Уланған оқушылар бүгінде сабаққа қайта оралған, алайда ыстық тамақ беру әзірге тоқтатылып тұр – тексеріс аяқталып, барлық бұзушылықтар жойылған соң ғана қайта жанданады.
БҰҒАН ДЕЙІН
Айта кетейік, бұл — Маңғыстау облысындағы алғашқы улану оқиғасы емес. 2024 жылдың күзіне қарай өңірдегі тағы бір мектепте 80-нен астам бала уланды. Ол жолы улануға мектеп асханасында жұмыс істеген қызметкерлерден табылған стафилококк инфекциясы себеп болған.