Жол апатына түскен футболшы бала Павлодарға жеткізілді. Баланың жағдайы тасымалдау кезінде тұрақты болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
МӘН-ЖАЙ
Облыстық жедел жәрдем станциясының мәліметінше, 2012 жылы туған ұл бала санитарлық авиациямен облыстық балалар ауруханасына жеткізілген.
– 2025 жылғы 19 сәуірде сағат 18:10-да 2012 жылы туған ұл бала Ермейментау қалалық аудандық ауруханасынан санитарлық авиация арқылы облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Жабық бас-ми жарақаты, орта дәрежедегі ми соққысы, шүйде тұсында көлемді теріасты гематомасы тіркелді, – деп хабарлады станция.
Бастапқыда травматология бөлімшесіне жатқызылып, кейін бақылау және қарқынды терапия мақсатында реанимация бөлімшесіне ауыстырылды.
Қазіргі уақытта баланың жағдайы тұрақты, орташа ауыр.
ЖОЛ АПАТЫ ТУРАЛЫ
Ақмола облысында Павлодардан шыққан балалар футбол командасы жол апатына ұшырады. Оқиға 18 сәуір күні "Астана – Ерейментау – Шідерті" тасжолында болды.
Алдын ала мәліметтер бойынша, Mercedes маркалы шағын автобус жүргізушісі жүк көлігін басып озу кезінде көлікті аударып алған. Автобуста 14-16 жас аралығындағы 16 бала мен олардың бапкері болған. Апат салдарынан бапкер оқиға орнында көз жұмды.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, жеке спорт мектебінің басшылығы полиция қызметкерлерін хабардар етпей, балаларды жарысқа жібергені анықталды. Осыған байланысты патрульдік көліктердің ілесіп жүруі ұйымдастырылмаған. Бұл жайт бойынша да тексеріс жүргізіліп жатыр.