Елімізде бейбіт шерулер қантөгіске ұласып, лаңкестікпен күрес жүріп жатқанда, бүгін бірқатар жауапты қызметте отырған күштік құрылым өкілдері кенеттен көз жұмды деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мәселен, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, 2022 жылғы 10 қаңтарда Нұр-Сұлтан қаласында тұрғылықты жері бойынша үйдің ауласынан ҰҚК полковнигі Азамат Ыбыраевтың мәйіті табылғанын растады.
«Аталған деректі Нұр-Сұлтан қаласы ПД Есіл аудандық Полиция бөлімі 2022 жылғы 10 қаңтардағы №227116031000018 сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркеді. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», – деп ресми мәлімдеді аталған құзырлы орыннан.
Ішкі істер министрлігінде болса, Жамбыл облысының полиция бастығы, генерал Жанат Сүлейменовтің қайтыс болғанын растады. Оның өзіне қол салуы мүмкін екені айтылуда.
Алматыда жұмыс орнында Түркісіб аудандық полиция басқармасы басшысының орынбасары Таңат Назанов өмірден озды. Оның жүрек талмасы ұстағаны келтіріліп отыр.