Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Атырау мұнай өңдеу зауыты жекешелендірілген жағдайда үлесі Ресей компаниясына сатылуы мүмкін екені жөнінде ақпараттан хабарсыз екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Атырау мұнай өңдеу зауытының үлесі Ресейге сатылады деген ақпарат өте көп пікірталас туғызғаны белгілі. Жекешелендірілсе, оның үлесін сатып алушылардың қатарында Татнефть компаниясының да қарастырылып жатқанын ҚазМұнайГаз жасырған жоқ. Ресей компаниясынан басқа ешкім қарастырылып жатқан жоқ па? – деп сұрады Ulysmedia.kz тілшісі министрден
МИНИСТР НЕ ДЕЙДІ
Бұл сұраққа жауап берген Ерлан Ақкенженов біріншіден, өзінде ондай ақпарат жоқ екенін айтты.
Мен ол ақпаратты растай алмаймын. Ол зауыт Ресей компаниясына сатылады деп 100 пайыз айта алмаймын. Ондай ақпарат менде жоқ. Министрлікке ол туралы ешқандай қағаздар түскен жоқ. Жалпы тәжірибе алмасу деген бар. Атырау МӨЗ өте күрделі өндіріс. Ол жерде көп құрылғылар химиялық, физикалық процестермен жұмыс істеп жатыр. Кейбіреулері жақсы жұмыс істемеген кезде әрине, тәжірибе алмасу деген жалпы тәжірибе. Адамдарды шақырады, ақылын сұрайды. Осы қондырғыларды дұрыстап істеткізу үшін осындай практика бар. Бұл – халықаралық практика. Біз бұрын Қазақстаннан, Румыниядан сарапшыларды алып келдік. Біздің зауыттарымызды тәжірибе алсын дейміз, – деді ол.
АТЫРАУ МӨЗ ЖАЙЛЫ
Ulysmedia.kz жариялаған мақала қоғамда біраз дүрбелең тудырды. Біз бұл мәселе бойынша Энергетика министрлігіне сұрау салған едік, алайда олар ресми жауап беруден бас тартқан болатын. Тек ресейлік «Татнефть» Атырау мұнай өңдеу зауытының үлесінен үміткерлердің бірі екенін растаған.ҚазМұнайГаз өкілдері зауыттың сатылуы бойынша келіссөздер жүріп жатқанын жоққа шығармады. Бірақ әлеуетті сатып алушылар қатарында тек «Татнефть» қана емес, басқалар да бар екенін айтқан болатын.