×
518.07
595.21
6.37
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
518.07
595.21
6.37

Аймағамбетов ағылшын тілін мектепте аптасына үш емес, бес рет оқытуды ұсынды

Бүгін, 12:24
Аймағамбетов ағылшын тілін мектепте аптасына үш емес, бес рет оқытуды ұсынды
Ашық дереккөзден

Қазақстанда магистратура мен докторантураға түсу тәртібі қайта қаралуы мүмкін. Мәжіліс депутаты, бұрынғы білім министрі Асхат Аймағамбетов Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында қазіргі талаптарды қайта қарап, әділетті жол ұсынуды сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қолданыстағы ереже бойынша, талапкерлер ағылшын тілінен міндетті емтихан тапсыруы тиіс. Бұл талап оқыту тілі қазақ немесе орыс тілінде жүретін мамандықтарға да бірдей қолданылады. Мәселе — тілді білмегені үшін қабілетті жастардың ғылымнан тыс қалуында.

«Қазақ әдебиеті мен өнерін зерттегісі келетін жастар ағылшын емтиханынан өте алмағаны үшін магистратура мен докторантураға түсе алмай жүр», – дейді депутат.

Аймағамбетов бұл талапты кезінде министр ретінде өзі бекіткенін мойындайды. Бірақ уақыт өзгерді. Оның айтуынша, ChatGPT мен Gemini секілді жасанды интеллект құралдары ағылшын тіліндегі ақпаратты аударуда елеулі рөл атқара бастады. Сондықтан ғылымға қолжетімділікті ағылшын емтиханымен шектеу – бүгінгі күннің талабына сай келмейді.

Ұсыныс

Депутаттың пікірінше, талаптарды мүлдем алып тастау емес, салалық ерекшеліктерге қарай икемдеу қажет. Мәселен, халықаралық бағдарламалар мен шетелдік университеттердің филиалдары үшін ағылшын тілін білу бұрынғыдан да жоғары деңгейде талап етілуі тиіс. Ал таза қазақтілді бағыттарда бұл емтихан кейінге шегерілуі керек.

«Ағылшын тілінен емтиханды түсу кезінде емес, оқу аяқталған соң тапсыруды қарастырған жөн», – дейді Аймағамбетов.

Сондай-ақ, ол Scopus пен Web of Science базаларында мақала жариялау міндетін де қайта қарауды ұсынды. Айтуынша, бұл талап гуманитарлық мамандықтар үшін балама жолдармен алмастырылуы керек. Мысалы, ғылыми диссертацияның сапасы мен нақты қоғамға қосқан үлесі маңыздырақ.

«Бұл талаптарды университеттердің академиялық еркіндігі аясында реттеген дұрыс», – деді ол.

Аймағамбетовтің ұсыныстары тек сын емес, нақты реформалық қадамдарды да қамтиды: мектептерде ағылшын тілін оқытуды күшейту, оқу барысында ағылшын тілін тереңдетіп енгізу, талаптарды салалық саралауға көшу болып отыр.

Біріншіден, ағылшын тілін ерте – мектептен бастап сапалы түрде оқытуды әрі қарай күшейту қажет. Кезінде президенттің тапсырмасына сәйкес 3-4 сыныптар мен 10-11-сыныптарда ағылшын тілі сағатын аптасына 3 сабақтан  5 сабаққа дейін көбейтуді қолға алғанбыз. Бірақ бұл бастама толық іске аспады. Осы бағытты нақты іске асыруымыз керек. Екіншіден, оқыту тілі қазақ немесе орыс тілінде жүргізілетін бағыттарда ағылшын тілінен емтиханды түсу кезінде емес, оқу аяқталған соң тапсыруды қарастырған жөн. Ал сол кезеңге дейін ағылшын тілін бакаларвриат, магистратура мен докторантураның оқу бағдарламасына кіргізіп, тереңдетіп оқытқан дұрыс. Сонда нақты нәтиже болады. Үшіншіден, ағылшын тілінде оқытатын немесе қосдипломды бағдарламалар, мен филиалдар үшін бұл талапты керісінше күшейткен жөн. Яғни әр бағытқа қарай саралау қажет. Төртіншіден, Scopus пен Web of Science базаларында мақала жариялау талабын да мамандықтың ерекшелігіне қарай қарастырған жөн, – дейді ол.

Аймағамбетовтің сөзінше, бастысы – диссертацияның сапасы мен ғылыми ортаға қосқан нақты үлесі маңызды. Оны конференцияларда талқылау мен ғылыми жұмыстың нақты пайдасы керек.

Серіктес жаңалықтары