Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев қоқыс мәселесін көтеріп, Әлия Назарбаеваға тиесілі болған өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесінің (ӨКМ) жұмыс механизмі туралы бірнеше ұсыныс жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ДЕПУТАТ НЕ ДЕЙДІ
Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев еліміздің қатты тұрмыстық қалдықтармен күресте нақты әрі жүйелі қадамдарға бармағанын сынға алды. Оның айтуынша, әлем 2050 жылға қарай 3,4 миллиард тонна қоқыс мәселесіне тап болғалы тұр, ал Қазақстан бұл үрдістен шет қалмай отыр. Елдегі қоқыс полигондары күн санап көбейіп, көпқабатты үй көлеміне жеткен. Ресми полигондарға тастау қымбат болғандықтан, кейбір компаниялар қалдықты ел көзінен таса жерлерге төгуде. Бұл – экология мен адам денсаулығына айтарлықтай қауіп.
ӨКМ ЖҮЙЕСІ: ИДЕЯСЫ ЖАҚСЫ, ОРЫНДАЛУЫ НАШАР
Қазақстанда қалдықтарды қайта өңдеу мен сұрыптауға қаржы табудың бір жолы – өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесі (ӨКМ, немесе РОП). Бұл жүйе бойынша, табиғатты ластаушы компаниялар қоқыс жинайтын және өңдейтін орталықтарға қаржы төлеуі тиіс. Осы мақсатта «Жасыл даму» ұлттық операторы құрылып, қаражатты әділ бөлуді көздеген.
Алайда, депутаттың айтуынша, бұл қарапайым механизмді экология министрлігі күрделендіріп жіберген. Қоқыс өңдеумен айналысатын кәсіпорындар өз жұмысы үшін тікелей төлем ала алмай, оны «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы 3% несие түрінде алуға мәжбүр. Бұл мақсатқа 200 миллиард теңге қарастырылған.
НЕСИЕ МЕ, ЕҢБЕК АҚЫ МА
Сәрсенғалиев бұл жүйені түсінуге болмайтынын айтады.
- Қоқыс өңдегені үшін өз еңбекақысын неге несие түрінде алуы керек? Бұл – логикаға сыймайды, дейді депутат.
ЭКОЛОГИЯЛЫҚ КОДЕКС ТЕ БҰЗЫЛҒАН
Депутат экологиялық кодекстің 388-бабы, 1-тармағы, 15-тармақшасын негізге ала отырып, өнеркәсіпті дамыту қоры тек өңдеуші өнеркәсіптегі экологиялық жобаларды ғана қаржыландыра алатынын ескертті. Ал қоқыс жинау, сұрыптау және тасымалдаумен айналысатын кәсіпорындар бұл тізімге кірмейді. Демек, олар ертең тарифті көтеруді талап етіп, соңы қарапайым тұтынушыға ауыртпалық ретінде қайтып келуі мүмкін.
ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫН БҰРМАЛАУ
Сәрсенғалиевтің пікірінше, қор құрудағы президент тапсырмасы – серпінді жобаларды қолдау еді. Ал қазіргі жүйе бойынша, қоқыс өңдейтін кез келген зауыт «серпінді жоба» ретінде қарастырылып, барлық қаржы соларға бөлініп отыр. Бұл – үкіметтің бағыттан адасқанын көрсетеді.
ДЕПУТАТТЫҢ ҰСЫНЫСТАРЫ
1. РОП-қа утильдік төлемдерді төлеу тетігін қайта қарау қажет.
2. Кімге тікелей төлем, кімге несие берілетінін нақты ажырату қажет. Мемлекет басшысы тапсырғандай, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» серпінді жобаларды несиелендіруі керек. Ал қоқысты өңдегендер өз еңбекақысын несие ретінде емес «Жасыл даму»-дан тікелей төлем ретінде алуы шарт.
3. РОП утилизациялық төлемнен түскен ақшаны қоқысты жинайтын, тасымалдайтын, сұрыптайтын ұжымдарға да беруі қажет. Себебі ең ауыр жұмысты атқаратын солар.
4. Өңірлердегі қоқыс полигондарын азайтудың, өз міндетін дұрыс атқармаған компанияларға санкция салудың тетіктерін қарастыру керек.
5. Уәкілетті орган жүйелі жұмыс жасаймын десе, салалық қауымдастықпен бірлесіп Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесінің келісілген тұжырымдамасын қабылдауы керек. Содан кейін барлық нормативтік-құқықтық актілерді осы тұжырымдамаға сәйкестендіру қажет.
КОМПАНИЯ ТУРАЛЫ
Еске салайық, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кенже қызы Әлия Назарбаева «Оператор РОП» компаниясының алғашқы құрылтайшысы болған. Бұл компания 2015 жылы құрылған және Қазақстанда утилизациялық алымдарды жинаумен, сондай-ақ қалдықтарды тасымалдау, қайта өңдеу және кәдеге жарату жұмыстарымен айналысқан .
2022 жылы қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Оператор РОП»-тың қызметі тоқтатылып, оның функциялары мемлекеттік «Жасыл даму» компаниясына берілді. Бұл шешім қоғамда компанияның қызметіне қатысты көптеген сұрақтардың туындауына байланысты қабылданды.