Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында ерекше іс қаралды. Өскемен тұрғыны қала әкімін сотқа берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Үшінші топтағы мүгедек, балалық шағында балалар үйінде тәрбиеленген азамат 2012 жылы тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркеліп, кезекке қойылған. 2017 жылы өз жинаған қаражатымен оған бір бөлмелі пәтер сатып алынған.
КЕЗЕКТЕН ШЫҒАРЫЛУЫ
Алайда 2020 жылдың наурыз айында тұрғын үй комиссиясы шешімімен ол кезектен шығарылған. Кейін қайта өтініш білдіргенімен, оған тұрғын үй беру тағы да мақұлданбаған.
СОТ НЕ ДЕЙДІ?
Сот пәтердің бұрынғы жатақханада орналасқан, жалпы ауданы небәрі 9,4 шаршы метр екенін анықтады. Ал қолданыстағы заңнама бойынша, бір адамға арналған тұрғын үйдің ең төменгі ауданы 15 шаршы метрден кем болмауы тиіс. Демек, заң талаптары бұзылған. Сонымен қатар, талапкердің ауыр науқаспен күресіп жүргені, биылғы қаңтарда операция өткергені ескерілді.
СОТ ШЕШІМІ
Сот 2020 жылғы 18 наурыз бен 24 маусымдағы тұрғын үй комиссиясының шешімдерін заңсыз деп танып, олардың күшін жойды.
”Сот шешімімен талапкер тұрғын үйге мұқтаж азаматтар тізіміне қайта енгізілсін. Оның бастапқы кезегі 2012 жылғы 15 қазаннан сақталуы тиіс, “— делінген сот хабарламасында.
Айта кетейік, сот шешімі заңды күшіне енбеген.