×
518.34
591.06
6.27
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
518.34
591.06
6.27

Украина ұсынысты қабылдады ма: бейбітшілік құжаты Трампта

Бүгін, 20:55
Украина ұсынысты қабылдады ма: бейбітшілік құжаты Трампта
Ашық дереккөзден

23 сәуірде Лондонда Украина, Еуропа елдері мен АҚШ өкілдерінің қатысуымен өткен кездесуде соғысты реттеуге қатысты жаңа ұсыныстар ұсынылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұл туралы 24 сәуірде Украина президенті Владимир Зеленский мәлімдеді.

"Лондонда кездесу өтті, онда тиісті стратегия ұсынылды. Біздің команда, Еуропа мен АҚШ өкілдері құрылымды түрде сөйлесіп, қағазға сәйкес тармақтар түсірілді", – деді Зеленский Оңтүстік Африка президенті Сирил Рамапосамен бірлескен баспасөз мәслихатында.

Ол бейбіт келісімде Украина Конституциясына қайшы келетін тармақтар болмауы тиіс екенін де атап өтті.

ФРАНЦИЯ, ҰЛЫБРИТАНИЯ, ГЕРМАНИЯ ЖӘНЕ УКРАИНАНЫҢ ОРТАҚ КӨЗҚАРАСЫ

Зеленскийдің айтуынша, ұсыныстар АҚШ президенті Дональд Трампқа жеткізілген.

"Бүгінде бұл құжат Трамптың үстелінде жатыр деп есептеймін", – деді ол.

"РБК Украина" агенттігінің дереккөзіне сүйенсек, бұл ұсыныстар Франция, Ұлыбритания, Германия және Украинаның ортақ көзқарасын білдіреді. АҚШ президентінің Украина және Ресей жөніндегі арнайы өкілі Кит Келлог бұл ұсыныстарды Вашингтонға жеткізуі тиіс болған.

КЕЛІССӨЗДЕР МИНИСТРСІЗ ӨТТІ

23 сәуір күні Лондонда Украина, Ұлыбритания, Франция, Германия және АҚШ сарапшыларының қатысуымен келіссөздер өтті. Бастапқыда бұл кездесуге сыртқы істер министрлері қатысады деп жоспарланған еді. Алайда АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио сапардан бас тартты, оның үлгісін Франция мен Германия өкілдері де ұстанды.

ҚЫРЫМ МӘСЕЛЕСІ – ТАЛҚЫҒА ЖАТПАЙДЫ

The New York Times газетінің хабарлауынша, Рубио келіссөздердің келесі кезеңіне қатыспайды, себебі Украина Трамптың басты ұсыныстарының бірін – Қырымды Ресейге тиесілі деп мойындауды – қабылдамаған. Зеленский бұл талапқа жауап ретінде:

"Бұл – біздің жеріміз, бұл халықтың жері. Мұнда айтылатын ештеңе жоқ – бұл біздің Конституциямызға қайшы", – деді.

ТРАМП ЗЕЛЕНСКИЙДІ СЫНАДЫ

АҚШ президенті Дональд Трамп Зеленскийдің мәлімдемесіне ашық наразылығын білдірді. Truth Social желісінде ол: "Бұл мәлімдеме Ресеймен бейбіт келіссөздерге өте зиян, себебі Қырым Обама тұсында-ақ жоғалтылған және қазіргі кезде бұл мәселе талқыланбайды", – деп жазды.

Трамп Зеленскийге Қырымды қайтарғысы келсе, неге оны 11 жыл бұрын соғыспай-ақ беріп қойған кезде еш әрекет етпегенін сұрады. Ол Зеленскийдің "арандатушылық сипаттағы мәлімдемелері" бейбіт келіссөздерді қиындатып отырғанын айтты.

"Ол бейбітшілікті немесе үш жылға созылатын соғысты таңдауы мүмкін. Соңында бүкіл елден айырылып қалуы ғажап емес", – деді Трамп.

24 сәуірде Зеленский Ресейдің Киевке жасаған соққыларына байланысты Оңтүстік Африкаға сапарын қысқартатынын және елге дереу оралатынын мәлімдеді. Оның орнына Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига ЮАР-да жоспарланған барлық кездесулерді өткізіп, елдегі жағдай туралы толық ақпарат беретін болады.

Серіктес жаңалықтары