×
443.85
474.3
4.8
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.85
474.3
4.8

Астанада журналист Махамбет Абжан жоғалып кетті

10.01.2022, 17:55
Фото: Ашық дереккөзден

Журналистің нөмірі өшіп жатыр. Ал Ішкі істер министрлігі қандай да бір ақпарат бермеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы.

Журналист астанада өткен митингтерден хабар таратқан. Қаңтардың төртінен бесіне қараған түні (сағат 01.28-де) өзінің @abzhannews телеграм-арнасына соңғы хабарды қалдырған.

«Жай адамша киінген үш адам мені алып кетейін деп келді. Олар тиісті форма кимеген», - деп жазды Махамбеттің өзі.

Арада шамамен екі сағаттан кейін аталмыш телеграм-арнада мынадай жазба пайда болды.

«Бәріне сәлем. Мен арнаның жаңа админімін. Махамбетті подъезде қарапайым киінген адамдар қарауылдап жүр. Пәтерде жарықты сөндірді. Телефоны өшкелі жатыр. Вайфай жоқ. Ол әзірге ештеңе жариялай алмайтынын айта келе сіздерге алғысын білдіреді».

Ертеңінде Махамбетті полиция қызметкерлерінің әлі де ұстағалы жүргені туралы арнада тағы бір жазба пайда болды. Олардың түні бойы есіктің және үйдің терезе алдында жүргені, журналиске берілгені дұрыс деп айтқаны туралы ақпарат жарияланды.

«Ол журналист әрі құқық қорғаушы ретінде өзінің конституциялық құқығын біле отырып, үйден шықпай отыр. Онда не жарық, не интернет жоқ», - делінген жазбада.

Осылай деген админ халықты журналистің үйінің маңына жиналуға шақырып, қолдау сұраған. (Астана, Самал ш.а. 10, 40 пәтер).

Азаттық тілшісіне берген сұхбатында журналистің жары 6 қаңтарға қараған түні Махамбеттің сыртқа шығып кеткенін хабарлапты. Артынша полицейлер үйге кіріп, тілшінің бар-жоғын тексерген. Полицияның оны ұстаған-ұстамағаны белгісіз.

Ulysmedia.kz порталы журналистің жағдайына байланысты әрі оның қайда екенін білмек мақсатта Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне бірнеше рет қоңырау шалған. Алайда министрліктің баспасөз қызметіндегі мамандардың бірі «білмеймін» деп тұтқаны қоя салды. Екіншісі Махамбеттің жайын білу үшін қалалық полиция департаментіне хабарласып көруге уәде беріп, ресми сауалхат жолдануы керектігін ескертті. Ал қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі қоңырауымызды алмады.

Махамбет Абжан тәуелсіз журналист. Ulysmedia.kz порталына тұрақты түрде мақала жариялайтын авторлардың бірі. Портал журналиске қатысты жағдайды оқырманның назарында ұстайтын болады.

Айта кетсек, Қазақстанда газ бағасына деген наразылық Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында басталған еді. Артынша жаңаөзендіктердің толқуына Ақтау қаласы қосылды. Кейін акцияға Атырау мен Батыс Қазақстан облысының халқы үн қосып, бейбіт митингтің соңы содырлардың ылаңына ұласты. Президент бұған дейін жазғандай Алматы қаласына 20 мың содыр шабуыл жасап, полиция және әскери қызметкерлер қаза тапқан. Ал бейбіт халықтың ішінде қанша адамның қайтыс болғаны әлі айтылмайды.

Осы оқиғаларға байланысты Қазақстан билігі Ұжымдық қауіпсіздік шаршы ұйымына мүше елдерден бітімгер әскер сұрады. Қазір ұйымға мүше мемлекеттердің әскері Қазақстанның бірнеше қаласындағы инфрақұрылым нысандарын қорғап тұр. 10 қаңтарда елде жалпыұлттық аза тұту күні өтті.

Серіктес жаңалықтары