Адвокат Әділетхан Молдахан блогер Мұрат Әбділдә неліктен қайтадан қамауға алынғанын айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АДВОКАТ НЕ ДЕЙДІ
Адвокат блогермен бір рет көріскен кезде Мұрат Әбділдәнің қайтадан қамалатынын білгенін айтты.
9 сәуір күні Мұрат бізді әйелінің туған күніне шақырды. Ертең сот деген күні Мұрат сенімді отырды. “Мура, сот болатынын неге айтпадың?” деп едім, ол “Жантөре қатыса салады” деді. “Шешіп қойған” деді. Сөйтсем, әйелі Мұраттан 600 мың теңге алып, сот төрағасымен шешем деген. Мен оған “600 мың теңгеге сот төрағасы сені маңайына жолатпайды” десем көнбеді, – дейді ол.
Адвокаттың айтуынша, Мұраттың әйелі алаяқтықпен сотталып, бақылауға алынған. Әділетхан Молдахан сол кезде Мұратты ресми органдар аңдып жүргенін, оның біреуі тіпті өзіне соны айтқанын есіне алады.
Мен сол кезде Мұратты қамайтынын түсіндім. Бірақ ешкімге еш нәрсе білдірмедім. Мұратқа “анаңмен сөйлесіп жүрсің бе”деп едім, “жоқ” деді. “Мамаңа бар да, кешірім сұра, ертең қамаласың” деп ескерттім. Ертең сот сағат 10.00-де болуы керек болған. Ол сотқа келмей, қашып кеткен, – дейді ол.
Адвокаттың сөзінше, Мұрат Әбділдә “пробация тексермес үшін 2,5 млн теңге бердік, ол ақшаны әйелім алды” деген.
Қыз жанында жүріп ақшасын сорып жүр. Мұрат Әбділдә жайлы оқиға бітті. Шыққаннан кейін өз өмірін көреді, – дейді ол.
ҚАЙТАДАН ҚАМАУДА
Түркістан облысында шартты түрде босатылған блогер Мұрат Әбділда қайтадан қамауға алынған еді.
Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, Түркістан қаласының ауданаралық сотында Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-бөлігімен 2022 жылы сотты болған Мұрат Әбділдаға қатысты ұсыным қаралды.
Ұсынымда Сауран аудандық полиция бөлімі блогердің мерзімінен бұрын шартты түрде босатудың күшін жойып, жазаның қалған өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға ауыстыруды сұраған.
СОТТА АНЫҚТАЛҒАНЫ
Сотталған Мұрат Әбділда 2024 жылы соттың қаулысы негізінде қылмыстық кодекстің 72-бабына сай бас бостандығынан айыру түріндегі жазасының өтелмеген 2 жыл 11 күнін шартты түрде мерзімінен бұрын босатылып, Түркістан облысының полиция департаметінің Сауран аудандық полиция бөліміне профилактикалық есепке алынған.
Профилиактикалық есепте тұрғанына қарамастан, Мұрат Әбділда 2024 жылы ортақ пайдалану орнын ластағаны үшін ӘҚБтК 434-2 бабының 1-бөлігімен әкімшілік жауаптылыққа тартылып, оған айыппұл салынған. Сонымен қатар, 2025 жылдың ақпан-наурыз айларында 5 рет тіркелуге келмегені және 4 рет түнгі уақытта тұрғылықты мекенжайында болмағаны анықталған.
ДӘЛЕЛДЕР
Мұрат Әбділданың кінәсі туыстарының берген түсініктемелерімен, тиісті актілермен және куәлердің жауаптарымен толық дәлелденген.
ТАРАПТАР НЕ ДЕЙДІ
Мұрат Әбділда өз кінәсін ішінара мойындап, соттан өзіне тағы бір мүмкіндік беруді сұраған.
СОТ ҚАУЛЫСЫ
24 сәуірде сот қаулысымен:
Түркістан облысының Полиция департаментінің Сауран аудандық полиция басқармасының ұсынымы қанағаттандырылып.
Мұрат Әбділданың мерзімінен бұрын шартты түрде босатудың күші жойылып, жазаның қалған өтелмеген бөлігі 2 жыл 11 күнін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға ауыстырылды.
Мұрат Әбділда сот залында қамауға алынды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
БЛОГЕР НЕ ҮШІН СОТТАЛДЫ
Еске салсақ, ол 2022 жылы ҚР ҚК 174-бабы, яғни, әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік алауыздықты азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн қорлауға бағытталған қасақана әрекеттер жасағаны үшін 4 жыл 6 айға сотталған еді.