Денсаулық сақтау министрлігі жалған медициналық қызметтерге қатысты сот ісіне қатыспайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Медициналық ұйымдардың бірі мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбекке қарсы сотқа жүгініп, өзінің іскерлік беделін қорғауға шешім қабылдаған. Бұған дейін депутат бірқатар жекеменшік клиникалардың лицензиясы болмаса да қызмет көрсетіп, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан қаржыландырылғанын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, қордың есеп-қисабында тіпті өмірден озған, шетелге көшіп кеткен немесе Қазақстанмен байланысын үзген адамдарға көрсетілген қызметтер тіркелген.
Осындай "өлі жандар" арқылы орасан қаржы сыртқа шығарылып жатыр. Бұл – көлеңкелі, заңсыз, жемқорлыққа негізделген бизнес, – деді депутат.
Базарбек бұл пікірін Жоғары аудиторлық палатаның тексеріс қорытындысына сүйене отырып білдірді.
Сот бұл іске үшінші тарап ретінде денсаулық сақтау министрлігін тартуды ұйғарған. Алайда ведомство басшысы Ақмарал Әлназарова министрлік сотқа қатыспайтынын нақты айтты.
Денсаулық сақтау министрлігі бұл тарапта істің қатысушысы саналмайды. Мұнда мәселе – Медициналық сақтандыру қоры мен келісімшарт негізінде қызмет көрсететін жеке медициналық субъектінің арасындағы құқықтық қатынастарға байланысты. Сондықтан бұл сот процесіне министрлік араласпайды, – деді ол.
АУДИТОРЛЫҚ ҚОРЫТЫНДЫ
Сонымен қатар Ақмарал Әлназарова Жоғары аудиторлық палатаның тексерісі барысында Медсақтандыру қорының қызметінде бірқатар заң бұзушылықтар анықталғанын мойындады. Атап айтқанда, кейбір медициналық ұйымдардың лицензиясы болмаған, сондай-ақ қызметкерлері тиісті сертификатсыз жұмыс істеген.
Министрдің мәліметінше, осыған байланысты қордың 12 қызметкері тәртіптік жазаға тартылған. Ал бюджет қаржысына келсек, бүгінгі күні заңбұзушылыққа жол берген клиникалар оның бір бөлігін қайтарып үлгерген. Қалған сома бойынша арнайы кесте бекітіліп, қаражатты мемлекетке жыл соңына дейін толық өтеу жоспарланған.
БАЗАРБЕКТІ КІМДЕР СОТҚА БЕРДІ
Бұған дейін мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек өзіне қарсы сотқа кімдер арыз түсіргенін айтқан еді. Базарбектің айтуынша, өзінің үстінен медицина ұйымдары сотқа арыз түсірген. Жоғарғы аудиторлық палатаның үкіметтік сағатында депутат МӘМС-ке байланысты өзі білетін фактілерді көрсеткен.
Соған келіспеген медицина ұйымдары сотқа берді. Әзірге бір ұйым. Екінші медицина ұйым сотқа дейінгі дауымен шықты. Аргументі келіспейді: олардың ар-намысы, қадір-қасиеті, іскерлік беделіне нұқсан келген-мыс.
Олар менен “ресми түрде кешірім сұрасын, болмаса адвокатқа, сараптамаға кеткен шығынды толығымен өндіріп аламыз” дейді. Әрине мен келіспеймін. Олар менің айтқан сөзіме филологиялық сараптама жүргізіпті. Біз де тиісті филологтардың сараптамасын аламыз, – дейді ол.
Депутат әр сот процесі онлайн режимде өтетінін айтады. Базарбек журналистерді сотқа қатыстырмақ ниетте.
Бақытжан Базарбек – заңгер, қоғам белсендісі және Мәжіліс депутаты. Депутат ретінде Бақытжан Базарбек жер мәселесі, экология және су ресурстарының тиімді пайдаланылуы сияқты өзекті тақырыптарды жиі көтереді. Ол «Жер аманаты» комиссиясының жұмысына белсенді қатысып, қайтарылған жайылымдық жерлердің әділ бөлінуін талап етеді. Сонымен қатар, су тапшылығы мәселесіне алаңдаушылық білдіріп, үкіметтің бұл бағыттағы әрекеттерін сынға алады.