Үкіметтің брифинг кезінде Ulysmedia.kz тілшісі өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкеновке eQurylys порталы жөнінде сұрақ қойды.
Қуандық Қажкеновтің айтуынша, eQurylys порталы министрліктің ведомствоішілік ұйымы «ҚазҚСҒЗИ» АҚ-қа қарайды.
Ақпараттық жүйе бір емес, 20-30-ға дейін болуы мүмкін. Интеграция арқылы қазір тағы екі жүйе қосылайын деп жатыр. Біз Е-құрылыс арқылы ары қарай жұмысымызды жалғастырамыз. Өйткені ол бюджеттен және квазимемлекеттік ұйымдар арқылы салынатын құрылыстардың бәрі де Е-құрылыс арқылы жүргізіледі.
Қазір сот жүріп жатыр. Ол жүйе үшін төлем төлеу керек пе, жоқ па деген мәселе көтерілді. Жеке деңгейде ақпараттық жүйелер 20-30 болуы мүмкін. Сол үшін компаниялар қаражатты төлеп, бүкіл жұмыстарды электронды түрде жүргізеді. Оған қоса авторлық, техбақылау, фото-видеоларды да тіркеуге тиісті, – дейді ол.
“Порталы әлі де ақылы болуы керек деген позициядасыздар ма?” деген сұраққа ол “Иә, солай деп отырмыз. Сот шешімі шықсын. Шыққан соң қосымша ақпарат береміз” деді. “Сіздіңше төлемді азайту керек емес пе?” деген сұраққа Қажкенов құрылыс салардың алдында жобалық-сметалық құжаттамаларды басқа да шығындар деген болады. Қазір бір нысанға 50 мың теңгеден төлейді. Бір нысанның құнының 0,0001 пайызы ғана шығар. Яғни, жүктеме көп емес” деп жауап берді.
Мемлекеттік қызметке қол жеткізу үшін жеке компанияға ақы төлемеу жолында құрылысшылар мен депутаттар бір жыл бойы күресті. Бұл іске «Атамекен» ҰКП, бас прокуратура және бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (БҚДА) де араласты. Ақырында, өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ірі құрылыс жобалары үшін жеке компанияға миллиондаған теңге «сыйлап» отырудан бас тартқан еді, бірақ бұл шешім тек сот арқылы мүмкін болды. Алайда бұл дауға нүкте қойылды ма? Бұл сұраққа Ulysmedia.kz жауап іздеп көрген.