Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов пен SUCCESS K агенттігінің бас директоры Ляззат Көккозоваға қатысты іс бойынша тыңдаулар жалғасып жатыр. Бүгін, 30 сәуір күні, сотта бағалау жөніндегі маман жауап берді. Оның жұмыс әдістері қорғау тарапының наразылығын туғызды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сарапшы 2018 жылы өткен Қазақстан мен Ресейдің XV өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында пайдаланылған жабдық пен көрсетілген қызметтерге ұқсас құрал-жабдықтарды жалға алу бағасын, сондай-ақ қызметтердің орташа нарықтық құнын анықтауы тиіс болған. Бұл – проекциялық жүйелерді, процессорларды, бейне, дыбыс және жарық жабдықтарын жалға алу құнын да қамтиды.
Таңертеңгі сот отырысында Ляззат Көккозованың мүддесін қорғайтын адвокат Мәкіш Есқараев сарапшыға сұрақтар қойды. Қорғаушы маманның есептеріне бірқатар себепке байланысты күмән келтірді. Ақыры, жауап алу барясы айқайға ұласты.
Адвокат атап өткендей, сараптамалық есепте жабдықты тасымалдау құны ескерілмеген, ал бұл, оның пікірінше, жалға алу бағасына айтарлықтай әсер етеді. Бұдан бөлек, сарапшы бірқатар жабдықтарды түпнұсқамен техникалық жағынан сәйкес келмейтін “баламалармен” алмастырған. Мәселен, форумда қолданылған HD-видеопроектордың орнына, басқа мақсаттарға арналған 4K ажыратымдылықтағы құрылғы енгізілген.
Сіз көрсеткен видеопроектор – 4K сапасындағы, голографиялық шоуларға арналған жабдық. Бұл – мүлде басқа құрылғылар, тіпті қолдану саласы да бөлек, – деді адвокат.
Сарапшы бағалауды құрылғылардың сипаттамаларына қатысты кеңес берген “техник” маманмен бірге жүргізгенін мойындады, алайда бұл адамның аты-жөнін жария етуден бас тартты. Айтуынша, ол сотқа қатысқысы келмеген.
Мен сіздерге байланыс ақпаратын бермейтін адамды тарттым. Ол маған сипаттамалар бойынша көмектесті. Барлық атаулар мен сипаттамалар сметадан алынған. Ол (техник) маған бұл видеопроекторлар бірдей екенін, сондықтан сол бағаны қолдануға болатынын айтты, – деп түсіндірді сарапшы.
Алайда Есқараев бұл пікірмен келіспей, жабдықтардың эквивалентті емес екенін және бұл сараптамалық қорытындының дұрыстығына тікелей әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. Адвокат пен сарапшы арасында ашық дау туындады.
Адвокат: Бұл – басқа жабдық.
Сарапшы: Бұл – сіздің ойыңыз. Маған техникалық сипаттамалар бойынша олар бірдей деп айтылды.
Адвокат: Онда сол адамды алып келіңіз.
Сарапшы: Ол келгісі келмейді.
Осы сәтте сотталушы Ляззат Көккозова да қысқа пікір білдіріп, сарапшы жалған деректерге сүйенгенін, сол себепті “енді қызарып отырғанын” айтты. Қызып кеткен дауды судья тоқтатып, отырысты басқа күнге қалдырды.