Курск облысының Белов ауданына қарасты Гирьи ауылында Ресей әскери қызметкері құжаттарды тексеремін деген желеумен бір отбасының үйіне кіріп, сол жерде болған адамдарға оқ жаудырған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Telegram-арналар хабарлауынша, қайғылы оқиға 30 сәуірге қараған түні болған. Үйде көп балалы Лариндар отбасы тұрған. Оқиға салдарынан 41 жастағы Олеся Ларина оқиға орнында көз жұмды. Оның күйеуі ауыр жарақат алып, жансақтау бөлімінде жатыр. Балалары дін аман.
ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТКЕР ЕСІНЕН АДАСҚАН БА?
Куәгерлердің сөзінше, әскери қызметкер өз-өзін ұстай алмай, не айтып, не істеп жатқанын түсінбей, есірткілік масаң күйде болғанға ұқсайды. «Пепел» Telegram-арнасы да бұл туралы жазып отыр.
РЕСМИ ОРГАНДАР ӘЗІРГЕ ҮН ҚАТПАДЫ
Оқиға туралы Ресейдің Тергеу комитеті мен ІІМ-нің Курск облысындағы сайттарында ешқандай ресми ақпарат жарияланбаған.
КУӘГЕРДІҢ АЙТУЫНША
Telegram-арна Astra куәгер Александр Зуевпен сұхбаттасқан. Ол үйге үлкен ұлы Илья Лариннің өтінішімен барғанын айтады. «Інімнің әпкелері хабарласты.
"Анамызды біреу өлтіріп кеткен, апарып әпкелерімізді алып кетші", – деді Илья», – дейді Зуев.
Ол үйге келгенде, әскери адам әлі де үй ішінде жүрген.
«Қыздарды шақырып едім, олар: "Ағай, ағай, тыныш, тыныш болыңыз", – деді. Сол сәтте Олесаның денесі жатқан бөлмеден автомат маған қарай бұрылып, оқ жаудыра бастады. Әрең қашып шықтым», – дейді ол.
ҚАША ЖӨНЕЛГЕН ӘСКЕР
Зуев көршілерге жүгіріп барып, полиция шақыртқан. Оның айтуынша, әскери полиция 20 минутта келіп жеткен, артынан әскери дәрігерлер де келген. Олар қылмыскердің ұсталғанын хабарлаған. Сонымен қатар, әскери адам Зуевтің көлігіне отырып, қыздарды да салып алып, ПТУ жаққа қарай кеткен. Сол жақта оны әскери дәрігерлер ұстапты.
ШЕКАРАҒА ЖАҚЫН АУДАН
Белов ауданы Украинамен шекаралас аймақта орналасқан. 2024 жылдың тамызында Украина әскері Ресей территориясына басып кіргеннен кейін бұл ауданда эвакуация жарияланған. 2025 жылдың наурыз айында Ресей әскерлері қарсы шабуыл жасап, шекаралық аудандарды дерлік қайтарып алған.
Сәуір айының соңында Ресей Қарулы күштерінің Бас штабы президент Путинге Курск облысын толық азат ету операциясы аяқталғанын хабарлады. Дегенмен, кейбір шекаралық аумақтарда украин сарбаздары әлі де болуы мүмкін. Эвакуацияланған тұрғындардың оралуы туралы ресми мәлімдеме жасалмаған.