Әскери сарапшы, запастағы полковник Дархан Данияровтың пайымдауынша, Қазақстанға қарсы нағыз гибридті соғыс жүріп жатыр. Оның айтуынша, Украинада соғыс болып жатқанда күшейген ақпараттық шабуылдар Жеңіс күні жақындаған сайын үдей түскен. Пропаганда мен манипуляцияның түрлі әдісін меңгергендер әсіресе «Мәңгілік полк» тақырыбын қайта-қайта қозғап, қоғамды іштей шайқалтуға кіріскен. Ulysmedia.kz назарыңызға Дархан Данияровтың осы мәселеге қатысты авторлық көзқарасын ұсынады.
Ақпараттық шабуылдар, арандату және әдейі бұрмалау – XXI ғасырдың қаруына айналды. Қазақстан мен көршілес Өзбекстанда «Мәңгілік полк» шеруінен бас тартқан кезде біздің өңір ауқымды қысым, манипуляция және жалған ақпарат науқанының нысанасына айналды. Мұның бәрі нақты сызбаға сәйкес келеді: бұл – гибридті соғыс, онда жады – шайқас алаңы, ал символдары – жік салудың құралына айналған.
Соңғы апталарда Қазақстандағы қоғам ресейшіл ресурстардың, анонимді Telegram-арналардың және TikTok-тағы үгітшілердің шабуылына ұшырады. Қоғамдағы наразылықты қоздыру, азаматтар арасында жік салу, мемлекеттік шешімдерді қаралау бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл ретте әбден үйренген әскери әдістер қолданылады – алдау, моралдық тұрғыдан тұқырту, арандату. Бірақ бұл жолы диверсанттардың орнына – блогерлер мен дипфейктер, ал көпір астындағы минаның орнына – Telegram-дағы жалған посттар тұр.
«МӘҢГІЛІК ПОЛК» – ЫҚПАЛ ЕТУ ҚҰРАЛЫ
Бұрын «Мәңгілік полк» шеруі халықтың соғыс уақытын еске алу акциясы ретінде ойластырылған болатын. Уақыт өте келе – әсіресе 2014 жылдан кейін бұл форма посткеңестік кеңістікте Ресей тарапынан саяси ықпал ету құралына айнала бастады. Ондай шерулер қолдау тапқан елдерде олар «орыс әлемінің» көрінісіне айналды. Ал олардан бас тартқан елдерге бірден «русофобия», «тарихтан бас тартты», «ардагерлерге сатқындық жасады» деген айыптаулар айтылды.
Қазақстан 2025 жылы, бұған дейінгі жылдардағыдай, Жеңіс күнін атап өтуден бас тартқан жоқ. Керісінше, әскери парадқа дайындық жүріп жатыр, ардагерлерге жан-жақты қолдау көрсетіледі. Алайда билік «Мәңгілік полк» шеруін өткізбеу туралы шешім қабылдады – бұл шараны саясиланған әрі осал форма ретінде қабылдап отыр. Бұл – қоғамдық тұрақтылық пен қауіпсіздік мүддесі үшін қабылданған дербес шешім.
Соған қарамастан, бірқатар Telegram-арна мен желідегі белсенділер – «Кирилл Федоров / Война История Оружие», «RedKazakh», «Компромат Центральная Азия», «Альжан Исмагулов», «КУПОЛ ЮРТЫ» және басқалары осы тақырыпты Қазақстанға шабуыл жасау сылтауы ретінде пайдаланады. Белгілі қазақстандық журналистер, мәдениет қайраткерлері мен саясаткерлердің суреттері бейнеленген жалған постерлер жариялануда. Олар шеру өткізуге шақырып жатқандай көрінеді. Бұл жалған ақпаратқа тартылып кеткендердің арасында Вадим Борейко, Динара Сәтжан, Ғазиза Райымбек, Әсем Жәпішева бар.
Жүздеген адамға жалған шақырулар, қоңыраулар мен хабарламалар келіп жатыр. Мұның бәрі «халықтық наразылық» кейпінде көрінгенімен, іс жүзінде – жақсы ұйымдастырылған ақпараттық арнайы операция.
ГИБРИДТІ ОПЕРАЦИЯНЫҢ БЕЛГІЛЕРІ
Әскери сарапшы ретінде мен болып жатқан жағдайды танкі мен артиллериясыз, бірақ нағыз ұрыстан кем түспейтін мақсаттар, міндеттер мен сценарийлерден тұратын гибридті соғыстың типтік операциясы деп бағалаймын.
Не байқалады:
Эмоциялық, сезімге әсер ететін тақырыптың таңдалуы. Соғыс туралы жады – көптеген қазақстандықтар үшін қасиетті әрі жеке тақырып. Бұл – манипуляция үшін таптырмас нысана.
Әділетсіздік пен реніш сезімін қалыптастыру. Шеруді «тыю» туралы хабарламалар арқылы «ішкі жау» бейнесі жасалып жатыр – яғни, мемлекет батырларды ұмытты, «Жеңістен бас тартты» деген жалған түсінік таратылады.
Ақпараттық уландыру. Дипфейктер, жалған постерлер, қолдан жасалған видеоүндеулер тарады. Кей жағдайларда шеруге қатысқаны үшін ақы төлеу ұсынылады – бұл осы әрекеттердің қаржыландырылып отырғанын және үйлестірушілер барын көрсетеді.
Әлеуметтік желілер арқылы қысым жасау және жергілікті жерде арандату. Мұндай ақпараттық шабуылдар әсіресе шекара маңындағы өңірлерде – Петропавл, Павлодар, Орал – және мегаполистерде – Алматы мен Астанада белсенді жүріп жатыр. Бұл – Сунь Цзының классикасы бойынша: «Күтпеген жерден соққы жаса. Әлсіз шепті көзде».
МАҚСАТ: БӨЛУ, ӘЛСІРЕТУ, СЕНІМСІЗДІК ҰЯЛАТУ
Мұндай ақпараттық шабуылдың мақсаты – жадыны қорғау емес, стратегиялық тұрақсыздандыру. Халық тарапынан жаппай наразылық бар деген елес қалыптастыру, биліктің беделін шайқалту, протестік толқын туғызу, ұрпақтар арасындағы және түрлі этностық, әлеуметтік топтар арасындағы жік салу.
Бұл – жорамал емес, нақты байқалып отырған шындық. Адамдарға қоңырау шалып, фейк ақпараттар таратылып жатыр, жұртты шатастырып, эмоция арқылы әсер етуде. Психологиялық ықпал ету технологиялары, бұқаралық мінез-құлыққа әсер ететін алгоритмдер қолданылады. Мұның бәрі басқа өңірлерде әлдеқашан сыналған әдістер. Әрі бұл – оқшау бір оқиға емес. Ұқсас үдерістер Өзбекстанда, Молдовада, Балтық елдерінде де жүріп жатыр. «Мәңгілік полк» саяси қысымның экспортталатын элементіне айналды.
Маңыздысы – әр халықтың өз батырларын қалай еске алуды өзі шешуге құқығы бар. Қазақстан өз тарихына құрметпен қарайды. Бірақ бұл құрметтің формасы елдің шынайы жағдайына, мәдениетіне, қауіпсіздік мүдделеріне сай болуы керек.
Бізге дайын мерекелеу үлгісін таңуға тырысқанда – бұл ардагерге қамқорлық емес, сырттан идеология таңу әрекеті. Ал мемлекет бұл формадан бас тартса – бұл сатқындық емес, қорғану. Манипуляциядан қорғану, өзгенің саяси ойынына тартылудан қорғану.
Сондықтан Қазақстан батыл әрекет етіп жатыр. Жауап ретінде осыншалық агрессияның көрінуі де сондықтан – өйткені гибридтік шабуыл елдің иммунитетіне тап келді.
НЕ ІСТЕУ КЕРЕК
Гибридті соғыс жағдайында бейтарап бақылаушы болып қалуға болмайды. Не істеу қажет:
Арандатуға ермеу. Ақпарат көзін тексеріңіз. Анонимді арналарға сенбеңіз. Расталмаған ақпаратты таратпаңыз.
Болып жатқанның табиғатын түсіну. Бұл жады үшін күрес емес – бұл қысым жасау және сенімді әлсірету операциясы.
Өз еліңді қолдау. Қазір елдің ересектігін, бірлігін, тұтастығын көрсету өте маңызды.
Ең бастысы – стратегиялық тұрғыда ойлау. Біз кезекті бір мейрамның ортасында емес, ақпараттық майданның қақ ортасында тұрмыз. Мұнда ішкі келісіміміз – басты құндылық.
Бүгінде Қазақстан өз-өзін танитынын көрсетіп отыр. Біз Жеңістен бас тартып жатқан жоқпыз. Біз өзгенің ойынында жәй араласпаймыз дегенді айтып отырмыз. Бұл – кемел ұлттың белгісі.