Аталған бастаманы бұған дейін үкіметке мәжіліс депутаттары ұсынған еді. Алайда атқарушы билік аудит мемлекеттік экологиялық бақылау жұмыстарын қайталайды деп есептейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қазақстан үкіметі Каспий теңізі акваториясындағы мұнай жобаларына қатысты экологиялық талаптарды қайта қарау мәселесінде халықаралық аудитке жүгінбей-ақ жүйелі бақылау орнатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Олжас Бектенов мәжіліс депутаттарының сауалына берген ресми жауабында жазды.
Оның айтуынша, қазіргі қолданыстағы экологиялық кодекс талаптары барлық мұнай компанияларына – соның ішінде өнімді бөлу жөніндегі келісімдер бойынша жұмыс істеп жатқан шетелдік операторларға да ортақ. Үкімет енгізген реформалар І санаттағы кәсіпорындарды өндірісті жаңғыртуға және автоматтандырылған экобақылау жүйесін енгізуге міндеттейді. Ал бұл талаптар орындалмаған жағдайда айыппұлдар мен эмиссиялық төлемдердің бірнеше есеге ұлғаюы қарастырылған.
Кодекстің талаптары Каспий қайраңындағы барлық жер қойнауын пайдаланушыларға, оның ішінде өнімді бөлу туралы келісімге қатысушыларға бірдей қолданылады. Мәселен, 1997 жылғы 18 қарашадағы Солтүстік Каспий бойынша өнімді бөлу туралы келісім мен 1993 жылғы 2 сәуірдегі Теңіз жобасы бойынша келісім экология саласында қандай да бір артықшылықтар көздемейді және мердігерлер мен операторлардан Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнамасын сақтауды, сондай-ақ өз қызметі барысында қоршаған ортаны қорғау шараларын қабылдауды талап етеді», – деп атап өтті үкімет басшысы.
ҮЛКЕН АЙЫППҰЛ – ҮЛКЕН ТӘУЕКЕЛ МЕ
Үкіметтің дерегінше, кейінгі екі жыл ішінде Қазақстанның бірқатар ірі мұнай компанияларына миллиардтаған теңгеге айыппұл салынған. Мәселен, «Теңізшевройл» ЖШС-нен 2,8 млрд теңге, ал «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» компаниясынан 12,4 млрд теңге өндірілді. Сондай-ақ «Каспий Мұнай» АҚ мен «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ да 13,7 млрд және 32,2 млрд теңге көлемінде жауапкершілікке тартылған.
Дегенмен үкімет басшысы тым жоғары айыппұлдардың өзге салдарға ұласуы мүмкін екенін де жоққа шығармады.
Экологиялық заңнаманың талаптарын бұзғаны үшін салынатын жоғары айыппұлдардың белгілі бір қаржылық жүктеме тудырып, өндірістік қуаттардың қысқаруына алып келуі мүмкін екенін де ескеру қажет. Өндіріс процестерін мерзімді тоқтатып-қайта іске қосу жабдықтар мен ұңғымаларды тоқтату, консервациялау және қайта іске қосу технологиялық рәсімдеріне жұмсалатын шығындарды арттырады. Бұл жобалардың өзін-өзі ақтау мерзімдеріне теріс әсер етіп, мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдердің азаюына және арбитраждық даулардың туындау қаупіне әкелуі мүмкін», – дейді Бектенов.
Сондай-ақ ол кейбір ұсыныстардың заңда бар тетіктермен қайталанатынын еске салды. Атап айтқанда, депутаттар тарапынан айтылған халықаралық аудит туралы бастама Үкіметтің қолданыстағы бақылау жүйесімен қатарлас келеді.
Айта кету керек, экологиялық аудит жүргізу жөніндегі ұсыныс мемлекеттік экологиялық бақылаудың қолданыстағы тетігінің қызметін қайталайды. Біз үшін басты басымдық – қолданыстағы экологиялық заңнаманы мүлтіксіз сақтау. Бұл ретте заманауи технологияларды енгізу және жер қойнауын пайдаланушылардың экологиялық тәртібін арттыру – алдағы жұмыстың өзегі болмақ», – деді премьер-министр.
Еске салайық, бұған дейін "Save the Caspian Sea" жаһандық экологиялық қозғалысы Nature журналында жарияланған Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі және оның қоршаған орта, инфрақұрылым мен аймақ экономикасына әсері туралы ғылыми зерттеуге байланысты алаңдаушылық білдірген еді. Ғалымдардың болжамы бойынша, Каспийдің 37%-ы толық жойылып кетуі мүмкін.