×
512.34
582.07
6.31
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
512.34
582.07
6.31

Петиция: "Шерзат ісінде "Чика" мен екі куәгер қызды да жауапқа тарту керек"

Петиция: "Шерзат ісінде "Чика" мен екі куәгер қызды да жауапқа тарту керек"
Ulysmedia.kz коллажы

Желіде Шерзат Полаттың өліміне қатысы бар барлық адамды жауапқа тарту туралы петиция пайда болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ПЕТИЦИЯ ЖАЙЛЫ

Петиция GosRating сайтында пайда болды. Авторы – Әсел Маханова. 

- Шерзат Полат 16 жаста еді. Ол ересек ер адамдар тобының қатыгез шабуылынан кейін қаза тапты. Қазір бұл іс бойынша бар болғаны тоғыз адам сотталып жатыр. Алайда басты ұйымдастырушы – Чика – айыпталушылар қатарында жоқ. Қылмыс орнынан қашып кетуге көмектескен және пышақты жасырған екі қыз бұл іс бойынша қылмысқа қатысы бар тұлғалар емес, куәгерлер ретінде ғана өтіп жатыр, дейді петиция авторы. 

Ол қайғылы оқиғадан кейін Шерзаттың үйі өртеніп кеткенін атап өтті.

- Іс бойынша басты куәгер – Нұрқанат есімді туысы қаза тапты. Тергеу бұл өлімді “суицид” деп таныды. Алайда бұл істегі сәйкестіктер өте көп. Бұл жай ғана бір отбасының қайғысы емес. Бұл – тұтас елге төнген қауіп. Егер қылмысқа қатысы бар адамдар жазаланбай қалса, бұл басқалар үшін дабылға айналады: “Қылмысты жасырып, жазадан құтылуға болады” деген белгі береді. Мен – анамын. Мен осы қоғамда өмір сүремін және балаларым мен келер ұрпаққа қауіпсіз, әділетті орта қалдырғым келеді. Біз әділ тергеу жүргізуді және бұл қылмысқа қатысы бар барлық адамды жауапқа тартуды талап етеміз, делінген петиция мәтінінде. 

ҚОЛДАҒАНДАР

Петицияны әзірге 426 адам қолдап, 3 адам қарсы шыққан. 

ЧИКА ДЕГЕН КІМ

29 сәуірде Шерзат өліміне байланысты сот процесінде мемлекеттік айыптаушы марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың жауаптарын оқыған болатын. Жауапта Чика атты жігіт дүкеннің алдында қалған жігіттерге “делайте” деп “пәрмен” бергені айтылды. Ал адвокат Мейірман Шекеевтің сөзінше, “Чика” сотта тек куәгер ретінде жауап берген. 

КУӘГЕР ЕКІ ҚЫЗ

Сонымен қатар, Нұрқанаттың сөзінше, төбелес кезінде бір қыз Қаржаубайды дүкеннен шығармай, есікті тіреп тұрса, екіншісі мерседес көлігінен пышақтарды алып беріп тұрған. 

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, бұған дейін Шерзат ісінде кінәсі дәлелденсе сотталушыларға қандай жаза берілуі мүмкін екенін жазған едік. «Шерзат соты» аталған атышулы процесте 9 адам айыпталушы ретінде танылған. 

Сот процесі Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында өтіп жатыр. Судья Ержан Жанұзақов 9 айыпталушыға қандай баптар бойынша айып тағылғанын бұған дейін оқыған болатын. Соның негізінде кім қанша жылға сотталуы мүмкін екенін болжауға болады. Бірақ процестегі әр сотталушының кінәсі әуелі дәлелденуі керек.

ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

2024 жылы 4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырды.

Өткен аптада Шерзат Полат ісі бойынша сот процесі қалай өткенін мына екі сілтемеден көруге болады.

Серіктес жаңалықтары