×
516.16
584.86
6.25
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
516.16
584.86
6.25

ҚазМұнайГаз неге тым ресейшіл болып кетті

Бүгін, 12:52
ҚазМұнайГаз неге тым ресейшіл болып кетті
Ұлысмедиа коллажы

Бұл сұрақ бүгін үкіметтегі баспасөз мәслихаты барысында ҚазМұнайГаз басшысының орынбасары Әсет Мағауовқа қойылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

САНКЦИЯНЫ ЕСКЕРМЕЙСІЗДЕР МЕ

Жыл басында ҚМГ компаниясы санкцияға байланысты қиындыққа ұшыраған Лукойл компаниясының Болгариядағы мұнай өңдеу зауытын сатып алады деген ақпарат шықты. Кейін Атырау МӨЗ-дің үлесін Татнефть компаниясына сатылатыны туралы да айтылды. Сәуір айында Самұрық-Қазынадағы шығынқа батқан Polimer Production компаниясын Сибур компаниясына саттыңыздар. Санкциялар қаупі барын ескере отырып, ҚазМұнайГаз неге соңғы жылдары тым ресейшіл болып кетті? – деп сұрады журналист Әсет Мағауовтан.

Бұл сұраққа жауап берген Әсет Мағауов журналистің уәжімен келіспейтінін айтты.

«ҚазМұнайГаз» өз жұмысында тек ресейлік компаниялар емес, басқа да көптеген компаниямен жұмыс істеп жатыр. Еуропа болсын, Америка болсын, мысалы, Қытай  компанияларымен жобаларды қарқын түрде іске асырып жатыр, - деп жауап берді Мағауов.

Сондай-ақ, ол Атырау мұнай өңдеу зауытының үлесін сенімгерлік басқаруға алуға Қытай компаниясы да қызығушылық танытқанын мәлім етті. Сөзінше, «Лукойл» МӨЗ-і арзан болса, конкурсқа қатысып көрейік деп шешім болған. Бірақ ұсыныстар өтпей қалған.

Атырау мұнай өңдеу зауытына «Татнефттен» басқа да компаниялармен талқыланып жатқанын айттық. Тек «Татнефть» қана емес, Sinopec Group сияқты компаниялар да сұраныс беріп жатыр. Расымен Polimer Production зауытының 60 пайыз үлесін «Сибурға» саттық. Өйткені бұл холдингтің мұнай-химия саласында тәжірибесі мол. Полимер жабын шығаратын зауыт екі жылдай тұрып қалды. Дамыту үшін көптеген инвестиция керек. «Сибурдың» инвестиция тарту жағынан, маркетинг жағынан тәжірибесі бар. Жобаға ақша салып күш жұмсауға өз ұсыныстарын берді. Басқа  компаниялар тарапынан ондай ұсыныс болған жоқ. Бір жылдың ішінде осы зауытта қайта іске қосамыз деген жоспар бар, - деді Әсет Мағауов.

KPI ҮЛЕСІ ДЕ РЕСЕЙДЕ: ҚАЗАҚСТАН НЕ ҰТТЫ

Әріптесінің бұл сұрағын Ulysmedia.kz тілшісі Мағауовқа қосымша былай қойды.

“ҚазМұнайГаз” неге тым ресейшіл болып кетті деп сұралса, оны жоққа шығарасыз. Бірақ мен сізге тағы бір мысал келтірейін: Қазақстан петрокемикал индастриз (KPI) кешені ашылған кезде көп мақтау айтылған еді. Болашақтың жобасы, елдің экономикалық дамуына үлес қосады деп алаулатқаны есте. Бірақ сол ашылды да, 40 пайызы Ресейдің «Сибур» компаниясына беріліп кетті. Бұған не себеп болды? Толыққанды Қазақстанның жобасы қылуға шама жетпей қалды ма? Осы 40 пайыз үлесті сатқаннан Қазақстанға не түсті? 

Мағауовтың сөзінше, негізі “Сибурдан” бұрын басқа компаниялармен келіссөз жүргізілген.

Олардың ішінде LG компаниясы Баигалис (?) компаниясымен келіссөз жүргізген. Бірақ өкінішке қарай ол компаниялармен келісімге келе алмадық. Ол тараптардың ұсыныстары қолайсыз болды. Сондықтан, “Сибур” компаниясымен келіссөздер жақсы аяқталып, олар өз үлесіне қарай ақшаларын бөлді, – дейді ол.

Мағауов сонымен қатар “Сибур” компаниясының тәжірибесін де атап өтті. Айтуынша, ол компания Ресейде нақты газ және химия саласымен айналысатын мекеме дейді ол.

“Тобылдағы өндірістерінде болдық. Өте жоғары деңгейде өнімдері жасалған. Технологиялары, мамандары, дайындау орталықтары, техникалық қауіпсіздіктері баршылық. Сондықтан, осы тәжірибенің арқасында нақты шешімдер қабылданып, “Сибур” осы жобаға тартылды.

Полипропиленді сату, Еуропа, Қытай, Түркия нарығына шығаруда “Сибурдың” тәжірибелері бар. Солардың арқасында осы жоба бойынша “Сибурмен” бірге жұмыс істеп жатырмыз, – дейді ол.

Десе де, Мағауов Қазақстан петрокемикал индастриз (KPI) 40 пайызының үлесі Ресейге қаншаға сатылғанын нақты айта алмады.

Серіктес жаңалықтары