БЖЗҚ өкілдері мұраға қалған зейнетақыны қалай шығарып алуға болатынын түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
НЫСАНАЛЫ ЖИНАҚ ДЕГЕН НЕ
"Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы аясында кәмелетке толмағандар үшін есептелетін нысаналы жинақтар мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) зейнетақы жинақтары – шот иесінің меншігі болып саналады. Сондықтан бұл жинақтар мұра ретінде қалдырылады.
ЖЕРЛЕУГЕ АРНАЛҒАН ТӨЛЕМДЕР
Қайтыс болған адамның міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) немесе ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бар болса, оның жақындарына жерлеуге арналған бір реттік төлем берілуі мүмкін. Бұл төлемнің мөлшері республикалық бюджет туралы заңда белгіленген 94 АЕК-тен аспауы керек, әрі қайтыс болған адамның шотындағы қаржыдан көп болмауы тиіс.
Егер жерлеуге төлем жасалғаннан кейін шотта қалған сома ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аспаса, ол қалдық та жерлеуге арналған төлеммен бірге отбасы мүшелеріне беріледі.
МҰРАҒА БЕРІЛЕТІН ЖИНАҚ
Жерлеуге арналған төлем төленгеннен кейін шотта қалған жинақ мұрагерлік тәртіппен беріледі. Бірақ нысаналы жинақтардан жерлеуге төлем қарастырылмағанын ескеру керек.
МҰРА АЛУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК
ҚР Азаматтық кодексіне сәйкес, зейнетақы және нысаналы жинақтарды мұраға алу үшін мұра ашылған жердегі нотариусқа немесе заңмен уәкілетті лауазымды тұлғаға өтініш беру қажет. Мұны қайтыс болған күннен бастап 6 ай ішінде жасау керек.
Мұрагерлік құқығы туралы куәлік алғаннан кейін мұрагер БЖЗҚ-ның кез келген бөлімшесіне қажетті құжаттарды тапсыра алады. Құжаттарды өзі барып, сенім білдірілген тұлға арқылы немесе пошта арқылы жіберуге болады.
ШЕТЕЛДІК ҚҰЖАТТАР ҚАЛАЙ РӘСІМДЕЛЕДІ
Егер БЖЗҚ-ға тапсырылған құжаттар (қайтыс болғаны туралы куәлік, мұрагерлік құқығы туралы куәлік, т.б.) шетелде берілсе, олар мемлекеттік немесе орыс тіліне аударылып, қажет болса, нотариат куәландыруымен және заңдастырылған түрде ұсынылуы тиіс.
Егер Қазақстан қол қойған халықаралық шарттарда басқа тәртіп көрсетілсе, сол шарттар қолданылады.
МҰРАГЕР ШЕТЕЛДІК АЗАМАТ БОЛСА…
Егер жерлеуге төлемді немесе зейнетақы жинағын алатын адам — шетелдік азамат (не оның сенім білдірілген адамы немесе заңды өкілі) болса, ол БЖЗҚ-ға мемлекеттік не орыс тіліне аударылған, қажет болса, нотариус растаған және заңдастырылған шетелдік паспортын ұсынуы қажет. Бұл талаптар да халықаралық келісімдерге байланысты өзгеруі мүмкін.
ЖИНАҚ ҚАЛАЙ ТӨЛЕНЕДІ
Қажетті құжаттар толық тапсырылғаннан кейін, БЖЗҚ заңмен белгіленген мерзім ішінде төлем жүргізеді.