Қазақстаннан ондаған әскери ұшақ ұрланған. Дереккөздердің мәліметінше, бұл іске тікелей Кремльдің қатысы бар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
1992 ЖЫЛҒЫ БЕЛГІСІЗ ОҚИҒА
Defense Express ұсынған деректердегі мәлімет бойынша, бұл оқиға 1992 жылы болған. Ресей тарапы сол кезде Қазақстанды алдап, 40-қа жуық Ту-95МС әскери ұшағын иемденіп алған.
- Бұл оқиғаның ауқымы – сол кезеңде Ресей Қарулы күштері иеленген Ту-95МС ұшақтарынан 1,5 есе көп ұшақты Қазақстаннан алдап алғаны. Алайда бұл оқиға кеңінен жария болмай қалды, себебі ресейліктер ұрлық ізін шебер жасыра білді, – деп жазады авторлар.
1992 жылдың ақпан айында Ресейде Ту-95МС стратегиялық бомбалаушы ұшақтарының сериялық өндірісі тоқтаған еді. Ұшақтар Куйбышев авиациялық зауытында шығарылатын. Ол кезде Ресейдің әскери-әуе күштері 22–27 Ту-95МС, 45 Ту-95К-22 (Х-22 зымырандарын тасымалдаушылар) және 7 оқу-жаттығу Ту-95К ұшағына ие болған.
Ал Қазақстанда сол уақытта ең көп Ту-95МС ұшағы – 40 бірлік болған. Оның ішінде 27-сі МС-16 нұсқасында (зымырандарды сыртқа ілуге бейімделген), 13-і МС-6 нұсқасында (бомба бөлігінде ғана тасымалдай алатын) еді. Яғни Қазақстанның өзіне нақты тиесілі болғаны – 21 дана Ту-95МС (МС-6 нұсқасы).
Барлық ұшақ 79-бомбалаушы авиациялық дивизия құрамында болған. Дегенмен Қазақстан олардың үстінен толық бақылау орната алмаған. Бұл жағдай Мәскеудің пайдасына шешілген.
ҰРЛАУ СХЕМАСЫ
Ұшақтардың қалай ұрланғанына қатысты бірнеше нұсқа бар. Сол кезде Ресей мен Қазақстан стратегиялық авиациясының ұшқыштары "Семей-2" мен "Украинка" әуежайлары арасында тұрақты түрде ұшып жүрген. Ұшу кезінде екі тарап радиоқоңырау белгілерін алмастырып отырған.
БІРНЕШЕ НҰСҚА
Бірінші нұсқа бойынша, Қазақстаннан Ресейге қонған Ту-95МС ұшақтарының орнына кейін ескірген Ту-95К ұшақтары қайтарылған. Мәскеу бұл айла-шарғыны қазақстандық ұшқыштардың бейілділігін пайдаланып іске асырған. Қазақстан тарапы не болып жатқанын түсінгенде, бәрі тым кеш болған.
Екінші нұсқада Ресейге қонған қазақстандық ұшақтарды мүлде қайтармай қойған. Дегенмен ресейлік деректер бойынша, ұрланған ұшақ саны 16-18 шамасында делінеді. Алайда қалған 20-дан астам ұшақтың қайда кеткені – белгісіз.
Сондай-ақ бұл ұшақтардың нақты қаншасы Қазақстанда болғаны және олардың қай нұсқаға жататыны – Ту-95К оқу-жаттығу нұсқасы ма, әлде Х-22 зымырандарын тасымалдай алатын Ту-95К-22 ме – бұл жағы да беймәлім. Ұшақтардың кейінгі тағдыры туралы да нақты дерек жоқ.