Украина мен Ресей «205-ке 205» формуласы бойынша әскери тұтқындарды алмасқанын растады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бастапқыда Ресей қорғаныс министрлігі Украина тұтқынынан 205 әскери қызметкердің қайтарылғанын хабарлады. Өз кезегінде украин тарабына да 205 тұтқын берілген.
Ресей әскери қызметкерлерін тұтқыннан қайтару барысында гуманитарлық сипаттағы делдалдық көмек көрсеткен – Біріккен Араб Әмірліктері, – делінген ведомство мәлімдемесінде.
ЗЕЛЕНСКИЙ НЕ ДЕДІ
Украина президенті бұл ақпаратты растады.
Бүгін Украина 205 жауынгерін қайтарды. Жас жігіттер мен ересек ер адамдар, барлық әскер түрлерінің өкілдері. Мариуполь қорғанушылары және майдан шебіндегі басқа да сарбаздар, – деді Владимир Зеленский.
Оның айтуынша, тұтқындар Ресейдің әртүрлі аймақтарына шашырай орналастырылған. Зеленский де Біріккен Араб Әмірліктеріне делдалдығы үшін алғыс білдірді.
Бұған дейін Украина президенті Зеленский тұтқындар алмасу «бәріне бәрін» форматы бойынша өтуі мүмкін екенін мәлімдеген еді.