АҚШ президенті Дональд Трамп Үндістан мен Пәкістан арасында атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізілгенін мәлімдеді. Ол бұл туралы TruthSocial әлеуметтік желісінде жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz BBC-ге сілтеме жасап.
— АҚШ-тың арағайындығымен жүргізілген ұзақ түнгі келіссөздерден кейін Үндістан мен Пәкістан толық әрі дереу атысты тоқтату туралы келісімге келгенін қуана хабарлаймын, — деп жазды АҚШ президенті.
Атысты тоқтату туралы келісімнің егжей-тегжейі мен шарттарын Трамп нақтыламады. Үндістан мен Пәкістанның ресми билігі бұл мәлімдемеге әлі пікір білдірген жоқ.
Еске салайық, "Үлкен жетілік" (G7) елдері ядролық қаруы бар көрші мемлекеттер — Үндістан мен Пәкістан арасындағы шиеленістің артуына байланысты оларды диалогты бастауға үндеген еді.