Роскосмос 10 мамыр күні таңертең бұрынғы КСРО-ға тиесілі "Космос-482" аппараты Үнді мұхитына құлағанын хабарлады. Аппарат алғашында Шолпанға бағытталғанымен, техникалық ақауларға байланысты өз траекториясына кіре алмай, жарты ғасыр бойы Жер маңындағы эллипстік орбитада айналып жүрген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz "Азаттық" радиосына сілтеме жасап.
Бұл аппарат 1972 жылы 31 наурызда "Молния-М" зымыран тасығышы арқылы ұшырылған. Ол сол жылы ұшырылған "Венера-8" станциясының көшірмесі болуға тиіс еді.
Алайда үдеткіш блогы іске қосылмағандықтан, станция орбитада қалып қойған. Маусым айында ғарыш операторлары ұшу модулі мен үдеткішті бөліп тастау туралы шешім қабылдады. Бұл бөліктер 1981 жылы орбитадан шыққан.
Зымыран тасығыштың үшінші сатысынан бөлінген бөлшектер 1972 жылдың сәуір айында Жаңа Зеландияның Эшбертон қаласы маңына құлаған. Олардың ішінде әрқайсысы 13,6 келі тартатын төрт титан шары бірден табылып, бесінші шар алты жылдан кейін ғана анықталған. Бір шарды полиция бөліміне апарғанымен, оны не істеу керектігін ешкім білмеген. Жергілікті New Zealand Herald басылымының жазуынша, КСРО бұған қатысы бар екенін мойындамаған.
Айта кетейік, "Венера-8" 1972 жылдың шілдесінде Шолпанға сәтті қонған. Аппарат планета бетіндегі желдің жылдамдығын өлшеп, топырақты зерттеген. Қонғаннан кейін 50 минут 11 секунд бойы жұмыс істеген.