Бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановтың ісіне байланысты сот отырысында SUCCESS K ірі ивент-агенттігінің басшысы Ляззат Көккөзова жарыссөзде соңғы сөзін айтты. Айыпталушылар мен олардың адвокаттары сот айыптаушы тараптың сөзін қолдайтын болса, бұл жағдай мемлекетпен жұмыс істеген барлық қазақстандық кәсіпкерлерге қауіп төндіреді деп отыр. Ulysmedia.kz бұл іске шолу жасады.
ДҮБІРЛІ ІС – ДАҢҒАЗАСЫЗ ӨТУДЕ
Қазақстанда сыбайлас жемқорлық істері бойынша көп жағдайда қоғам құқық қорғау органдарының жағында болады. Шенеуніктердің миллиондап, тіпті миллиардтап ақша жымқыруына жұрт күмән келтіре бермейді.
Бірақ Ерлан Қожағапанов пен Ляззат Көккөзоваға қатысты іс басынан-ақ үйреншікті сценариймен өрбімеді. Айыптау тарапы бірнеше сараптама тағайындауға мәжбүр болды, бірақ олардың әрқайсысын қорғаушылар толықтай жоққа шығарып отырды. Ал куәлар сөзін 2018 жылы Петропавлда өткен өңіраралық ынтымақтастық форумының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтудан бастады. Бұл пікірді Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де айтқан.
Нәтижесінде, Ляззат Көккөзоваға тағылған айып қылмыстық кодекстің 189-бабынан (аса ірі көлемдегі ұрлық) 190-бабы (алаяқтық) бойынша қайта сараланды.
Сонымен қатар, айыптау тарабы келтірген Қожағапанов пен Көккөзованың қылмыс жасау себебі де көпшілікке сенімсіз болып көрінді.
Тергеу нұсқасына сәйкес, Қожағапанов ведомстволық көрсеткіштерді жақсарту және мансаптық өсу үшін үкімет резервінен қаражат бөлу процесін жеделдеткен.
Ал Ляззат Көккөзова «Мәдениет министрлігімен ешқандай сөз байласпай-ақ, өз компаниясына пайда түсіруді мақсат еткен». Ол өз міндеттемелерін орындағанымен, тергеушілердің пайымынша, Қазақстанда бұл жұмысты арзанға атқара алатын басқа да компаниялар болған.
КӘСІПКЕРЛІК ҮШІН АЙЫПТАУ
Адвокат Макиш Ескараев соттағы жарыссөз кезінде Ляззат Көккөзованы қылмыс болмағандықтан ақтауды сұрады.
– Мен бұл жерде қылмыстың құрамы жоқ емес, қылмыс жасалмағанын ерекше атап өткім келеді, – деді ол сотқа.
Іс мәні бойынша, Көккөзованың "кінәсі" — ол 2018 жылы форум ұйымдастыру қызметіне өз бағасын ұсынған. Бұл ұсынысты мемлекет, яғни сол кездегі мәдениет және спорт министрлігі қабылдаған. Форум өткізілген. Оған байланысты 2018 жылы да, 2019 жылы да ешқандай шағым түспеген.
Бірақ бірнеше жылдан кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қазақстан мен Ресейдің шекара маңындағы ынтымақтастық форумына қатысты құжаттарды қайта қарап, мемлекет дәл осындай іс-шара үшін азырақ төлеуі мүмкін еді деген қорытындыға келген. Тергеушілер форум барысында пайдаланылған жабдықтар мен көрсетілген қызметтердің тізімін жасап, оны үш түрлі ивент-агенттікке жолдап, коммерциялық ұсыныс беруін сұраған. Содан кейін бұл ұсыныстардың орташа арифметикалық көрсеткішін есептеп, форумды 2,3 млрд теңгеге емес, 1,3 млрд теңгеге өткізуге болады деген қорытынды жасаған.
– Мұндағы түйткіл — Антикор біз атқарған қызметтің нақты сипаттамасына сай келмейтін техникалық параметрлер бойынша балама бағалар сұратқан. Ең сорақы мысал: біз қойған 30 мың люмендік 16 проектордың орнына, олар екі есе әлсіз бір ғана проекторға алынған ұсынысты негізге алған. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл BMW мен "Жигули-6"-ны бірдей көлік болғаны үшін бір бағада сату керек дегенмен тең, – деп түсіндірді айыптың қисынсыз екенін SUCCESS K компаниясының директоры Ляззат Көккөзова.
Оның айтуынша, егер сот осындай айыпты негізді деп тапса, мемлекетпен жұмыс істеген жүз мыңдаған кәсіпкерге түрме қаупі төнуі мүмкін.
– Конституция мен кәсіпкерлік кодекске сәйкес, кәсіпкерліктің жалғыз мақсаты — пайда табу. SUCCESS K компаниясы да өз табысын есепке ала отырып коммерциялық ұсыныс ұсынды, ал ол ұсыныс мемлекеттік орган тарапынан мақұлданды. Енді кез келген пайда тапқан кәсіпкер қылмыскер санала ма? – деп таңданысын білдірді адвокат Нұрлан Бейсекеев.
КӨККӨЗОВАНЫҢ ІСІ ТУРАЛЫ
Қазақстандағы креативті индустрияда Ляззат Көккөзованың есімі кеңінен танымал. Ол президент қатысқан көптеген ірі шараларды ұйымдастырған, сондай-ақ 2000-жылдардың басындағы ең танымал тележобалардың бірі – «ХХІ ғасыр көшбасшысы» бағдарламасының негізін қалаушылардың қатарында болған.
Сот процесі басталған кезде оның жасы 61-де еді. Ерлан Қожағапановпен салыстырғанда, тергеу барысында Ляззат Көккөзова тергеу изоляторында емес, денсаулығына байланысты үйқамақта болды.
Алайда айыптаушы тараптың нұсқасына сәйкес, Көккөзоваға Қожағапановқа қарағанда ауыр жаза қаупі төніп тұр: оған мүлкін тәркілеу және ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы сұралған. Қазақстанда танымал PR-маманның пікірінше, тергеушілер Көккөзованы құрал ретінде ғана пайдаланған.
– Мен де, отбасым да бұл істе тек “құрал” болдық. Тергеу үшін Қожағапановты сотқа тарту жолындағы мүмкіндік болдық. Бұл арқылы олар президентке, кейін қоғамға "жемқорлықпен ымырасыз күресіп жатқанын" көрсеткісі келген сияқты. Қазір мұндай “жеңістерді” жария етуге себеп те азайып кетті. Басқа себеп көріп тұрған жоқпын, – дейді Ляззат Көккөзова.
Көккөзованың өзі, күйеуі мен қызына тиесілі барлық банк шоттары бұғатталған. SUCCESS K компаниясының жұмысы тоқтап қалды. Оның айтуынша, жүйкесіне салмақ түсіп, денсаулығы күрт нашарлап, сал ауруына шалдығып қалған.
– Біз мемлекеттен ешқашан көмек сұраған емеспіз. Керісінше, отбасымыз салықты уақытында төлеп, заңды ешқашан бұзған жоқ. Біз мемлекеттен тек бір ғана нәрсе күттік – заң үстемдігі мен қауіпсіздік. Егер оны да қамтамасыз ете алмаса, онда бұл елде өмір сүрудің мәні қандай? – дейді ол күйзеліспен.
Көккөзованың айтуынша, өзін ең қатты күйреткен нәрсе – тергеу барысында куәлардан қысым арқылы “қажетті” жауаптар алынды деген сенім.
– Бұл заңсыз тергеу аясында адам құқығының ойға келетін-келмейтін барлық нормасы бұзылды. Куәлардың барлығы – әйелдер. Олар психологиялық қысымға ұшырады. Тергеушілер қызметтік өкілетін асыра пайдаланып, шектен шыққан әрекеттерге барған. Баламен қорқыту, жыныстық мазмұндағы қудалау, туыстарына зомбылық жасауға доқ көрсету, эмоционалдық күйзеліс пен психологиялық күйретуге жеткізу, жалған іс қозғаймыз деп үркіту – бәрі болды, – деп тізбеледі ол.
Мұндай тергеу тәсілдері туралы ол өз қызметкерлерінен естіген. Оның пайымдауынша, негізгі айыптаушы куә – туризм индустриясы комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары Гүлзат Жуаспайева да дәл осындай қысым көріп, жауап берген болуы мүмкін.