Астанадағы лифтте пышақтаған баланың ісі бойынша тың деректер белгілі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Сот мәліметінше, Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына 14 жастағы К.- ге қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы қаулысы бар қылмыстық іс түскен.
ЕКІНШІ ТОПТАҒЫ МҮГЕДЕК
Сот К.-ның II топтағы мүгедек екенін, психоневрологиялық диспансерде есепте тұра отырып, 2025 жылғы 11 ақпанда тұрғын үй кешенінің лифтінде болған кезде кәмелетке толмаған адамға яғни Е.-нің денесіне зақым келтіріп, оның бетіне пышақпен жарақат салғанын анықтады.
САРАПТАМА ҚОРЫТЫНДЫСЫ
Сот психологиялық-психиатриялық сараптаманың қорытындысына сәйкес К. созылмалы психикалық аурудың салдарынан, әрекет кезеңінде өзінің іс-қимылының нақты сипаты мен әлеуметтік қауіптілігін түсінбеген және оларды басқара алмаған, психикалық жағдайы бойынша өзіне және қоғамға қауіп төндірген. Мәжбүрлеп емдеуді қажет етеді.
Қылмыстық кодекстің 16-бабының талаптарына сәйкес, қоғамға қауіпті іс-әрекет жасаған уақытта есі дұрыс емес күйде болған адам қылмыстық жауаптылыққа тартылмайды. Есі дұрыс емес деп танылған адамға сот медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдана алады.
СОТ ҚАУЛЫСЫ
Сот қаулысына сәйкес, К.-ге Талғар ауданы Ақтас ауылындағы қарқынды бақыланатын мамандандырылған үлгідегі мекемеде стационарлық мәжбүрлеп емдеу тағайындалды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
ЛИФТІДЕГІ БАЛАҒА ШАБУЫЛ
Еске салайық, жантүршігерлік жайт 11 ақпанда болған. Жәбірленуші бала небәрі 5 жаста. Лифт ішінде пышақпен балаға шабуыл жасаған адам – психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған кәмелетке толмаған жасөспірім екені анықталды. Оның заңды өкілдері полицияға шақырылды. Полиция департаментінің мәліметінше, олар «баланы тәрбиелеу бойынша міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін қатаң жауапкершілікке тартылады». Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.