Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров елдегі қант мәселесі қалай шешілетінін айтты. Оның сөзінше, елге келетін араб инвесторлары қажеттілікті 100 пайыз жабуға уәде еткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сіздер бұған дейін қызылша егу, зауыттарды ашу мәселесі реттелетінін айтқан едіңіздер. Үш жылда не істей алдыңыздар? Қазір қажетті қанттың қаншасын өндіріп, қаншасын импорттап отырмыз? – деп сұрады Ulysmedia.kz тілшісі министрден.
Бұл сұраққа жауап берген Айдарбек Сапаров бұрын қант қызылшасынан Қазақстанда жалпы қажеттіліктің 10 пайызы қамтылып келген. Ал былтыр 1 млн 300 мың тонна қызылша теріліп, қажеттіліктің 21 пайызы жабылған. Яғни 128 мың тонна қант өндірілген.
Жалпы бізде зауыттар ескі. Төрт зауытымыз бар. Үшеуі қант қызылшасын, біреуі қант құрағымен жұмыс істейді. Үшеуінің биыл жүктемесі өте ауыр болды. Шынын айту керек. Қант қызылшасының шығымы соншалықты болады деп ешкім ойлаған жоқ. Кезінде шаруашылықтар “соншама қант қызылшасын шығармайды” деп айтушы еді. Үкімет бөлген қаражаттың, технологияның арқасында осыншама өнім шықты, – дейді Айдарбек Сапаров.
Министр биыл қант қызылшасы алқабы биыл қысқаратынын айтады. Себебі жаңа зауыт салынады.
Кеше ғана арабтармен келісімге қол қойылды. Олар қант қызылшасы зауытын саламыз деп отыр. Сол зауыт салынып, одан басқа төрт зауыттың ішін жөндеп, өнім шығарылымын кеңейтсек, қолдау болады, – деді ол.
Қазақстанның қазіргі төрт зауытына араб инвесторларының зауыты қосылғанда импортты қанша көлемге ысыру көзделеді? Яғни Қазақстанның қажеттілігін жабарлық қантты олар шығара ала ма? “Кешегі инвесторлардың айтуынша, зауыт салынса, біз тек шикізат берсек, онда 80-100 пайызға дейін жабуға мүмкіндік болады” деді Сапаров.