×
513.74
569.17
6.33
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
513.74
569.17
6.33

Былтырғы су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтар өтемақысын әлі алмаған

Бүгін, 17:49
Былтырғы су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтар өтемақысын әлі алмаған
ulysmedia.kz

2024 жылдың көктемінде Қазақстан соңғы 80 жылда болмаған ірі су тасқыны болды — апат 17 облыстың 10-ында болып, ел тарихындағы ең ауқымды табиғи апаттардың біріне айналды. Жыл өткен соң, жағдай қалыпқа келді деген үміт пайда болған: үкімет барлық зардап шеккендерге өтемақы мен жаңа баспана берілгенін мәлімдеді.

Алайда мемлекеттік көмек бәріне бірдей жетпегені анықталды. Бүгін, 13 мамырда Астанада Батыс Қазақстан облысынан келген Орал қаласының тұрғындары Ирина Котович пен Наталья Бухтина баспасөз мәслихатында өздерінің жағдайын айтты. Олар бірнеше күн бойы жол жүріп, ел астанасына арнайы осы мәселелерін көтеру үшін келген. Ulysmedia.kz тілшісі олардың шағымдарын тыңдап қайтты.

ЖАРТЫЛАЙ ҚИРАҒАН ҮЙЛЕР

Ирина Котович 10 жылдан астам уақыт бойы Оралдағы "Малиновый сад" бау-бақша қоғамында тұрған. Оның айтуынша, су тасқынынан кейін үйі тұрғын үй ретінде жарамсыз деп танылған. Алайда, үй сол уақытта анасының атына тіркелгендіктен, отбасы құжаттарды тек көктемде — яғни төтенше жағдай кезінде рәсімдей бастаған.

Иринаның айтуынша, осы жайт жергілікті биліктің оны зардап шеккендер тізіміне қоспай тастауына себеп болған. Ол әкімдік сот арқылы өзін үйді жалдап тұрушы ретінде тіркеп, апаттан пайда көргісі келген адам ретінде көрсеткенін мәлімдеді.

Натальяға тек 150 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде бір реттік көмек берілген — бұл қаражат жоғалған ең қажетті заттарды сатып алуға арналған. Алайда ол капиталдық жөндеу үшін де, жаңа баспана алу үшін де қолдау ала алмаған.

– Бізде емхана мен мектептен анықтамалар бар, онда нақты осы мекенжайда тұрғанымыз расталған. Ондай құжаттарды жайдан-жай бермейді ғой. Коммуналдық қызметтер үшін төленген түбіртектеріміз де бар. Қазір қираған саяжайлардың ортасында жалғыз қалдық. Бұрын бұл жерде тұруға жағдай болатын. Қазір жол да жоқ, үйдің іші көгеріп кеткен, қабырғалар жарылып, құлаудың аз-ақ алдында.

Анамыздың өз пәтері бар, ол бізден бөлек тұрады. Тығырыққа тіреліп отырмыз. Анама көмектесе алмайды — өйткені оның баспанасы бар. Ал бізге көмек берілмейді — себебі біз бұл үйді ТЖ кезінде байып қалу үшін алған деп есептейді, – дейді Наталья.

Ирина қазіргі таңда отбасы мүшелерімен бірге өте ауыр жағдайда өмір сүріп жатқанын мойындады. Су тасқынынан кейін көршілерінің барлығы жаңа үйлерге көшіп кеткен, ал бұрынғы «Малиновый сад» бақша қауымдастығы иесіз қалған, қираған саяжай аумағына айналған.

“БАРАР ЖЕРІМІЗ ЖОҚ”

Наталья Бухтина да осындай қиын жағдайға тап болған. Ол бұрын «Автомобилист» бақша қоғамында тұрған, қазір Ирина сияқты басқа баспанасы жоқ. Бұған қоса, Наталья үш баланы жалғыз тәрбиелеп отыр. Сондықтан да олар туыстардың үйін бірінен соң біріне ауыстырып, көшіп-қонып жүргенін айтады.

Натальяның айтуынша, ол құжат рәсімдеу барысында ешқандай қиындыққа тап болмаған. Үй өз атына тіркелген, оған ипотека да төлеген. Алайда бұл жағдай оған толық көмек алуға негіз бола алмады — мемлекет тек 150 АЕК мөлшерінде ғана қолдау көрсеткен.

Сот оның басқа көмекті қажет етпейтінін алға тартқан. Себебі оның бұрынғы күйеуінің атына тіркелген шағын пәтері бар, әрі ол пәтерде ағасымен бірге тұрып жатыр.

– 2024 жылғы су тасқыны кезінде менің саяжайымды су басты. Қазір ол жерде тұру мүмкін емес. Үш бірдей комиссия келіп, үйдің апатты жағдайда екенін, сүрілуі керектігін растады.

Үйіміздің қабырғасы жарылып кеткен. Менің үш балам бар. Су тасқынынан кейін бас сауғалап баратын жеріміз болмады. Пәтерден пәтерге, туыстардың үйін паналап келеміз. Әкімдік пен сот менің бұрынғы күйеуімнің атына бір бөлмелі пәтер тіркелгенін алға тартады — 30 шаршы метрлік пәтерде ол ағасымен бірге тұрып жатыр. Демек, күйеуімнің жарты пәтерге ғана құқығы бар, ал менің оған еш қатысым жоқ. Қазір балаларыммен жалғыз қалдым, – деді Наталья.

ЕНДІ НЕ БОЛМАҚ

Ирина мен Наталья журналистермен сөйлескен сәтте көз жасын әрең ұстап отырды. Олар елордалық БАҚ өкілдерінің камерасы арқылы өз өңірлеріндегі әкімдікке үндеу жасады. Әйелдер жергілікті шенеуніктерден назар аударуды, қолдау көрсетуді, тым болмаса «аз да болса көмек» сұрап отыр. Ең үлкен үміт — жаңа баспанадан кілт алу.

Ulysmedia сауалына жауап берген Батыс Қазақстан облысының әкімдігі аталған әйелдердің төтенше жағдайдан кейін баспанасыз қалғандар тізіміне енгізілмегенін растады. Ал оларға көмек көрсетіле ме, жоқ па — бұл жағы нақты айтылмады. Жергілікті билік мәселені қозғауға асық емес сияқты.

– 2024 жылғы 7 маусымдағы №9 қалалық комиссия шешімімен Котович О.-ға төтенше жағдай кезінде баспана сатып алғаны үшін тұрғын үй беруден бас тартылды. <…> Ал Бухтина Н.В.-ның бұрынғы жұбайы Орал қаласы, Сейтек көшесі, 26-үй, 11-пәтер мекенжайы бойынша жылжымайтын мүлікке иелік етеді. Сол себепті Бухтина Н. "бұл саяжай үйі жалғыз баспанасы" деген критерийге сай келмейді, – делінген әкімдіктің хабарламасында.

2024 ЖЫЛҒЫ СУ ТАСҚЫНЫ

Еске сала кетейік, былтыр көктемде Қазақстанның бірнеше аймағында үлкен су тасқыны болған. Апат салдарынан 200-ден астам елді мекен зардап шегіп, 17 мың үй су астында қалған. Үкімет мәліметіне жүгінсек, тасқыннан жалпы есепте 300 млрд теңге шығын келген.

Серіктес жаңалықтары