Шерзат ісінде сотталушы Нұрбол Тоқтаубаев тергеу кезінде берген жауабынан бас тартты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
15 мамырдағы сот отырысында айыпталушы Нұрбол Тоқтаубаев сотқа өзіне тергеу кезінде қысым жасалғанын айтты. Сөзінше, тергеу кезінде полиция соққыға жыққан.
– РУВД-ның ішінде полиция қызметкерлі, оперлер ұрып-соқты. Бірінші куәлігімізде былай айтасың, былай айтасың деді. Қаржаубай Нұрымовтың өзі полицияға келіп бізді ұрып кетті, – деді Нұрбол Тоқтаубаев.
Нұрбол Тоқтаубаев азаптау бойынша прокуратураға шағым түсірген. Адвокаттың сөзінше, оған әлі күнге дейін мардымды жауап ала алмаған. Айыптаушы прокурорлар шағымға байланысты тиісті шешім шыққанын, ол құжатты келесі сот отырысында ұсынуға дайын екендерін айтты.
– Іш құрылысымнан ұрды. Көгерген жерлер болды. Жағым ауыратын бұрыннан. Сол жағым қайтадан ауырып бастады. Жақтан бірнеше рет ұрды. Өзімнің туған інімді ұрды. Бастарына пакет кигізіп ұрды. (...) Пышақты кім сұққанын білмеймін. Бірақ “осылай жазуға мәжбүрсің, сен шығып кетесің” деді. Жауап алу барысында қарама-қарсы отырған опер қызметкері “былай жаз” деп жауабымды оқуыма да мұрша бермеді. Былайша айтқанда қысым, азаптау фактісі болды , – деді Нұрбол Тоқтаубаев сотта берген жауабында.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, бүгінгі сот отырысында сотталушылар Нұрбол Тоқтаубаев пен Азамат Тоқтаубаевтың қорғаушысы істе оларды күдікті деп тану қаулысы жоғын алға тартып, істі қайта тергеуге жіберуді сұрап, өтінішхат түсірді.
Айыпталушы прокурор өтінішті қанағаттандырусыз қалдыруды сұрады. Олар іс бойынша күдіктілердің барлығы күдікті ретінде танылғанын алға тартты. Судья Ержан Жанұзақов өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.
ҚАЙҒЫЛЫ ОҚИҒА КҮНГІ ВИДЕО
Сонымен қатар, айыпталушы Дархан Әскентай оқиға болған күні түсірілген видеоға қатысты жауап берді. Ол сол күні дүкенге сыра алуға барғанын, төбелеске қатыспағанын айтты. Керсінше, жәбірленуші Нұрқанат Ғайыпбаевты Абзал Шынасыл мен Нұрбол Тоқтаубаевтан арашаладым деді. Сол уақытта Әскентайдың өзі бірнеше рет соққы алған. Оны Шынасыл ұрып жіберген.
Сотталушы Дархан Әскентайдың адвокаты қорғауындағы адамның фотосы желіде тарап кеткеніне шағым түсірді. Судья 4 сотталушы ғана түрін көрсетпеуді сұрағанын, Әскентай фотосын көрсетуге қарсылық білдірмегенін жеткізді. Оны айыпталушының өзі растады.
ЕСКЕРТУ
Cондай-ақ бүгін судья Ержан Жанұзақовтың блогерлер мен сотқа қатысушыларға ескерту жасады. Ол әлеуметтік желіде азаматтар өздерінің жеке субьективті пікірлерін білдіріп, баға беріп жатыр деді. Судья тергеу аяқталып, үкім шығып, заңды күшіне енгенге дейін пікір беруге рұқсат жоғын айтты. Ол сотқа құқықтық баға беру заңсыз екенін ескертті.
Соттың тікелей эфирін Ұлысмедианың YouTube-арнасынан көре аласыздар.
Автор: Есдәулет Қызырбек