×
510.58
571.8
6.34
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
510.58
571.8
6.34

«Пышақты сүртіп тұрғанын көрдім»: Шерзат ісінде сотталушы оқиға жайында айтты

Бүгін, 11:52
«Пышақты сүртіп тұрғанын көрдім»: Шерзат ісінде сотталушы оқиға жайында айтты
скриншот

Бүгінгі сот отырысында кәмелет жасына толмаған сотталушы Думан Ысқақтан жауап алынды. Ол оқиға болған күні айыпталушы Нұрбол Тоқтаубаевтың көлігін айдап жүрген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Думан Ысқақ сотта берген жауабында іс бойынша тағы бір сотталушы Абзал Шынасылдың пышақ сүртіп отырғанын көргенін айтты. Ол қанды оқиға болғаннан кейінгі жағдайды былай деп сипаттады:  

Нұрбол ағаға қайта берейінші деп едім, ол қазір-қазір ауылға шығамыз деді. Жақсы деп отырдым. Сол кезде Абзал Шынасылдың пышақты сүртіп тұрғанын көрдім. Мылтықтың машинада сүйеулі тұрғанын көрдім.

Думан Ысқаққа іс бойынша «Қылмыс туралы хабарламау» бабы бойынша айып тағылған.

Сотталушыларға тағылған айып: 

Абзал Шынасыл – ҚК 99-бабы (Адам өлтіру), 24-бабы (Қылмысқа дайындалу және оқталу), 293-бабы (Қару қолдану арқылы бұзақылық жасау)

Равиль Сәкиев – ҚК 99-бабы (Адам өлтіру), 24-бабы (Қылмысқа дайындалу және оқталу)

Азамат Тоқтаубаев – ҚК 293-бабы (Бұзақылық), 188-бабы (Ұрлық)

Дидар Қалиахмет, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Шыңғыс Белғожаев, Нұрқияс Ілиясов – ҚК 293-бабының 3-бөлігі (Қару қолдану арқылы бұзақылық жасау)

Думан Ысқақ (кәмелет жасына толмаған) – ҚК 434-бабы (Қылмыс туралы хабарламау)

Сот күдіктілерді кінәлі деп таныса, олар 5 жылдан 20 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.

16 жастағы Шерзат Полат 2024 жылы 4 қазанда Талғар қаласындағы отбасы жалға алып отырған дүкен маңында өлтірілген. Сатып алушылардың бірімен болған жанжалдың аяғы төбелеске ұласып, Шерзат пышақ жарақатынан мерт болған. Немере ағасы жараланған. Марқұмның туыстары оқиғаға «Хутор» бандасының қатысы бар екенін айтты. Бірақ полиция бұндай топтың барын жоққа шығарды. Топтың басшысы делінген Хасан Қасымбаев өзі жайлы тараған ақпаратты жоққа шығарып, жұрттан өзі туралы жалған ақпарат таратпауды сұрады. Қарашада Қасымбаев 2021 жылғы оқиғаға байланысты «Денсаулыққа қасақана зиян келтіру» және «Адам ұрлау» баптары бойынша күдікке ілініп, қамауға алынды.

Оқиғадан бір апта өткенде қара жамылған отбасының үйі түгелдей өртеніп кетті. Кейіннен полиция өрт әдейі қойылғанын хабарлады. Наурызда бас прокуратура Шерзат Полаттың үйін өртегендер әлі табылмағанын айтты.

Былтыр қарашада марқұм Шерзат Полаттың немере ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев Азат ауылының шетінде өлі күйінде табылды. Полиция дерегінше, ол өзіне қол жұмсаған. Бірақ Ғайыпбаевтың туыстары оның суицид жасағанына сенбейді.

Нұрқанат Ғайыпбаевтың жаназасы шығарылған күні Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов Азат ауылында қолына пышақ ұстап, жүк көлігінің үстіне шығып, ұлы мен інісінің ісін әділ тергеуді талап етті. Осыдан соң оның үстінен «бұзақылық» бабы бойынша іс қозғалып, 15 тәулікке қамалды.  Кейіннен «Өзгенің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Адвокаттары Қаржаубай Нұрымов інісінің жаназасы болған күні полицияның арнаулы жасағы мінген көліктің дөңгелегін жарып тастағаны үшін жауапқа тартылғанын хабарлады. Онымен қатар Нұрымовтың туысы Бақыт Реймова «жұртты заңсыз митингіге шақырып, бейбіт жиын тәртібін бұзды» деген айыппен 15 күнге әкімшілік қамауға алынды. Ал қарындасы Салтанат Нұрымоваға «ұсақ бұзақылық жасағаны үшін» 20 АЕК (73 840 теңге) көлемінде айыппұл салынды.

Автор: Есдәулет Қызырбек

Серіктес жаңалықтары