Білім беру саласының сарапшысы, Urban School мектебінің негізін қалаушы Ғабит Бекахметовтің айтуынша, қазақстандық педагогтар қоғамның қысымына байланысты көбіне "өз болмысын" көрсете алмайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Ғабит Бекахметов Астанада өткен іс-шаралардың біріне қатысып, өзінің Instagram-дағы парақшасында сөйлеген сөзінен үзінді жариялады.
Сарапшы қазіргі мұғалімдерге қоғам тарапынан бұрынғысынша тым жоғары үміт пен талап қойылатынын айтты. Бұл құбылыс түп тамырымен Кеңес Одағы кезінен қалған.
ДӘЙЕКСӨЗ
– Қоғамның мұғалімдерден күтетін үміті Кеңес заманынан басталды, себебі идеология, коммунизм. Мұғалімдер үй аралап, үлгі болуы, идеологияны таратуға тиіс еді.
Қазір нарықтық экономика, демократия. Сондықтан бұл образ тарамауы керек еді. Енді біз шынайы болмыс үшін күресіп жүрміз, ал маркетологтар, қаржыгерлер кім болғысы келсе, соған айнала алады. Шамамен 300 мыңдай мұғалім бар, олар өздерін құрбан еткендей. Образ жасау үшін өз болмыстарынан бас тартты. Енді оларға өз болмысын көрсету қиын, – деді ол.
ҒАБИТ БЕКАХМЕТОВ ЖАЙЛЫ
Ғабит Бекахметов – Дьюк университетінің түлегі, білім беру саласының сарапшысы, Астанадағы ең “заманауи” оқу орындарының бірі саналатын Urban School мектебінің негізін қалаушы.
2023 жылы Ulysmedia редакциясы Бекахметовпен сұхбат алған еді. Сол кезде ол жүргізіліп жатқан реформалар туралы пікірін білдіріп, сондай-ақ буллинг, хиджаб, оқулықтардағы қателер және басқа да тақырыптар туралы да айтқан еді.