×
509.51
570.6
6.3
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
509.51
570.6
6.3

"Қазақстан халқына" қорына ақша салмауы олигархтың империясына қалай әсер етті

Бүгін, 14:10
"Қазақстан халқына" қорына ақша салмауы олигархтың империясына қалай әсер етті
Ulysmedia.kz коллажы

Соңғы жылдары ірі қазақстандық бизнес мемлекеттегі әлеуметтік және экономикалық мәселелерді шешуде белсенді түрде араласып жүр. 2024 жылы олигархтар су тасқынынан зардап шеккен өңірлерді жеке қамқорлыққа алды. Ал бұған дейін, 2022 жылы президент Forbes тізіміндегі бизнесмендерден «Қазақстан халқына» қорына үлес қосуын өтінген болатын. Тоқаевтың бұл өтінішін елемеуге ешкімнің батылы жетпеді, тек құрылыс материалдарын өндіретін ең ірі компанияның иесі ғана үнсіз қалды. Ulysmedia.kz Ерлік Балфанбаев үшін бұл батыл қадамның салдары қандай болғанын зерттеді.

ҚАРЖЫҒА СЕНІМСІЗДІК

Alina Group компаниясының негізін қалаушы және бұрынғы басшысы Ерлік Балфанбаев – көпшілікке аса танымал емес тұлға. Соңғы уақытқа дейін оның есімі жаңалықтарда өте сирек кездесетін. Бизнес-баспасөздің назарын ол алғаш рет 2019 жылы Kazakhstan Growth Forum саммитінде елдегі үздік үш CEO-ның бірі ретінде танылған кезде аудартқан. Алайда Балфанбаевтың аты жұртшылыққа кеңінен 2022 жылдың ақпанында белгілі болды. БАҚ назарын аудартқан себеп – Forbes Kazakhstan журналының жарияланымы еді. Онда, Alina Group пен оның негізін қалаушысының есімі редакциямен келісусіз аталмауы тиіс деген талап қойылғаны туралы жазылған. Forbes бұл жағдайға түсінбей, басқалар бұл қаншалықты заңды деген мәселені талқылай бастады.

Кейінірек Ерлік Балфанбаев ашық хат жариялап, бұл шектеудің себебін көмескі түрде түсіндірді.

Бұған дейін ол “неліктен Alina Group «Қазақстан халқына» қорына қаржы аудармады?” деген сұраққа өзі жауап берді. Оның айтуынша, компания пандемиядан кейінгі қиын жағдайдан әлі толық шыға алмай жатыр. Сонымен қатар, қордың жұмыс құрылымына қатысты сенімсіздік те себеп болған.

– Мұндай бастамалардың тәжірибесі көпшілікте қаражаттың шынымен мұқтаж жандарға жетпеуі мүмкін деген күмән тудырады. Өкінішке қарай, біз де БАҚ арқылы «игі ниетпен басталып, ұрлықпен аяқталған» жобалар туралы естіп жатамыз. «Қазақстан халқына» қорында нақты құрылым, жауапты тұлғалар мен қаражатты бақылаудың ашықтығы қалыптасқан кезде біз де қалпымызға келіп, қаржылай қолдау көрсету мүмкіндігін қарастыратын боламыз, – деді Балфанбаев.

Сарапшылардың пікірінше, бұл ашық хат – қайырымдылықтан бас тарту себептерін жариялау ғана емес, сонымен қатар, өзін сақтандыру әрекеті болуы мүмкін. Себебі дәл осы хат жарияланғанға дейін президент Тоқаев «қорды қолдаудан бас тартқандар жазаланады» деп қатаң ескерту жасаған еді.

– Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан қайырымдылық шарасына қатысуға асықпай отырған, олигополияның бір бөлігіне айналған, тіпті соның бейнесіне айналған кейбір бизнес өкілдері бар. Бұл не: ашкөздік пе, немқұрайлылық па, салғырттық па, әлде менсінбеу ме? Қалай болғанда да, мемлекет бұл сұраққа толық жауап алуға мүмкіндік беретін барлық тетіктерге ие, – деді Тоқаев билеуші партияның кезекті съезінде.

Билік Ерлік Балфанбаевты райынан қайтаруға тырысты ма, белгісіз. Алайда 2023 жылдың күзінде Alina Group компаниясының бақылау пакеті жапондық компанияға өтті – Ерлік Балфанбаев акциялардың 75 пайызын сатып жіберді. Бұл жағдайды президент айтқан «мемлекеттік тетіктердің» іске қосылу нәтижесі ретінде бағалауға болар еді. Дегенмен, бұл мәміле Балфанбаевқа тек пайда әкелгендей болды.

FORBES ТІЗІМІНДЕГІ ОЛИГАРХ ЕМЕС

Өзінің ашық хатында Балфанбаев өзін олигарх деп атауға болмайтынын, тіпті олигополиямен байланыстыруға негіз жоқ екенін айтты. Ол саясатқа араласпайтынын, билікке ұмтылмайтынын, тек өз ісімен айналысып жүрген адам екенін жеткізді. Соған қарамастан, 2025 жылдың басындағы мәліметке сәйкес, ол Қазақстандағы ең ауқатты бизнесмендердің тізімінде 400 миллион доллар дәулетпен 26-орында тұр. Ал 2022 жылы оның байлығы 150 миллион доллар деп бағаланған еді.

Alina Group компаниясын сату себептері жайлы ол 2024 жылдың ақпанында Forbes-қа берген сұхбатында айтты. Айта кетсек, 2022 жылғы ақпараттық шектеуден кейін Forbes бұл кәсіпкер туралы әлдеқайда жиі жаза бастады. Балфанбаевтың сөзінше, оның ересек балалары құрылыс материалдары нарығына қызықпаған, яғни бизнесті мұрагерлікпен тапсыратын адам болмаған. Дегенмен, бұл айтылған себеп жалғыз болмауы мүмкін.

Тарихқа үңілсек, Alina Group Балфанбаевтың басшылығымен Қазақстанда құрылыс бумы басталған жылдары құрылған. Компания импорттық тауарларға тең келетін, бірақ бағасы арзан өнімдерді нарыққа шығарды. Ең танымал брендтері – AlinEX пен Alina Paint. Соның арқасында компания қазір еліміздегі құрылыс және бояу материалдары нарығының шамамен 50 пайызын иеленіп отыр. Алайда жаһандық экономика соңғы жылдары тұрақты дағдарыс жағдайында. Бұл ахуал сауда соғыстары, өзара санкциялар, логистикалық тізбектердің бұзылуы, шикізат бағасының өсуі арқылы одан әрі күрделене түсті. Ал Қазақстанда құрылыс қарқыны бұрынғыдай емес. Осыған байланысты, Балфанбаев Alina Group-ты сату туралы шешімді бұл саланың болашағы бұлыңғыр бола бастаған соң қабылдаған деуге де болады.

2024 жылдың қаңтарында Forbes журналы Балфанбаев туралы арнайы материал жариялады. Онда кәсіпкер ағаштан туындылар жасайтын бақытты шебер ретінде сипатталып, бизнесті белсенді жүргізуден біршама шеттегені жазылған. Жапондық инвесторлар Alina Group-қа келгеннен кейін ол тек компанияның стратегиясымен айналысып, бизнеске күніне 2–3 сағат қана уақыт бөлетіні айтылған.

Осы репортажда Балфанбаевтың тағы бір активі – Алматы облысындағы Oi-Qaragai тау-курорты (кең танымал атауы – «Лесная сказка») да аталды. Қазақстанда туризмді дамыту туралы әңгіме тәуелсіздік алғаннан бері айтылып келеді. Алайда соңғы 3–4 жылда бұл бағытта нақты оң өзгерістер байқала бастады. Мемлекет енді тек қаржы бөліп қана қоймай, туризм саласын шынайы қолдауға кірісті. Ал 2024 жылдың қаңтар айының соңында президент туризм жаңа экономикалық өсім нүктесіне айналуы тиіс деп мәлімдеді.

Осы мәлімдемеден соң үкімет тарапынан өңір әкімдеріне туризмге инвестиция салатын кәсіпкерлерге «жан-жақты қолдау көрсету» туралы тапсырмалар берілді. Оның үстіне, туризм саласы экономикалық күйзелістерге анағұрлым төзімдірек. Сондықтан да, мүмкін, Ерлік Балфанбаев құрылыс саласынан шығып, туризмге бет бұрып, Oi-Qaragai жобасына сенім артқан болар. United Research Technologies Group дерегінше, 2024 жылдың соңында Oi-Qaragai Қазақстандағы ең танымал тау-курорттардың ішінде екінші орынға ие болған – сауалнамаға қатысқандардың 18,5 пайызы осы демалыс орнын таңдаған. Ал көш басында – Shymbulak, ол 63,8 пайыз дауыс жинаған.

ТУРИЗМ ТЫНЫШТЫҚТЫ ЖАҚСЫ КӨРМЕЙДІ

Oi-Qaragai – Lesnaya Skazka курорты 2011 жылы Талғарға жақын маңдағы Ой-Қарағай шатқалында ашылған. Соңғы уақытқа дейін оның жалғыз иесі Ерлік Балфанбаев болған. Қазір жобаның құрылтайшылары қатарында Елена Удовенко, Заур Халафов және Дмитрий Матяс бар – бұлардың барлығы дерлік Alina Group-та Балфанбаевпен бірге жұмыс істеген команда мүшелері.

Курортты 2014 жылы тіркелген «Oi-Qaragai» ЖШС басқарады. БАҚ мәліметінше, 2015 пен 2019 жылдар аралығында Балфанбаев курортты дамытуға шамамен 80 миллион доллар инвестиция салған, оның жартысы жер аумағын 15 гектардан 85 гектарға дейін кеңейтуге жұмсалған. Соңғы 10 жылда бұл ЖШС мемлекет қазынасына шамамен 5,5 миллиард теңге салық төлеген. Оның ішінде 2024 жылы – рекордтық 1,5 миллиард теңге түскен.

Oi-Qaragai жобасына байланысты тағы бір заңды тұлға – «Aport Aktas Lesnaya Skazka» ЖШС. Бұл компания 2020 жылы тіркелген, негізгі қызметі – қоғамдық тамақтану орындары мен азық-түлік жеткізу. Дегенмен, салық төлемдері тек 2021 және 2022 жылдары жүргізілген, жалпы сомасы 400 мың теңгеден сәл ғана асады. Соған қарамастан, компания «белсенді емес» мәртебесінде тіркелмеген.

Сонымен қатар, «Oi-Qaragai Фабрика-кухня» ЖШС бар. Бұл компания – жылжымайтын мүлікті жалға беру және саудамен айналысады. Басшысы – Пан Светлана, ол «Aport Aktas»-ты да басқарады. Бірақ бұл компания салық төлеуді жалғастырып келеді: 2016 жылдан бері 69 миллион теңгеге жуық қаржы аударған.

Өткен жылы Oi-Qaragai мен Шымбұлақ Алматы тау кластерін дамыту жобасына енді. Жоба аясында бұл курорттарды гондола жолдары арқылы біріктіріп, біртұтас туристік аймаққа айналдыру көзделіп отыр.

Ерлік Балфанбаевтың айтуынша, Oi-Qaragai-ды дамытуға ол Alina Group-ты сатқаннан түскен қаржыдан тағы шамамен 130 миллион доллар инвестиция салуды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, шаңғы жолдарының ұзындығын 55 шақырымға дейін ұлғайту (бұл – Шымбұлақтан да ұзын) және курорт аумағын 110 гектардан 1 000 гектарға дейін кеңейту жоспарлануда. Сонымен қатар, таудың биік бөлігіне парапланеризм орталығын ашу көзделген.

Айтпақшы, Alina Group сатылғаннан кейін Балфанбаев БАҚ-пен бұрынғыға қарағанда белсендірек байланыс жасап, ақпараттық алаңда жиі көріне бастады. Түрлі сұхбаттар беріп жүр. Туризм тыныштықты жақсы көрмейтінін түсінсе керек, ол құрылысқа қарағанда әлдеқайда көп медиялық назар мен ашықтықты қажет етеді.

Серіктес жаңалықтары